Қорғаныс министрлігі әскердегі өз-өзіне қол жұмсау фактілерінің жиілеуіне қатысты мәлімдеме жасады
Нұр-Сұлтан. 22 тамыз. 7kun.kz – Қорғаныс министрлігі әскердегі сарбаздар арасында өз-өзіне қол жұмсау оқиғаларының жиілеп кетуіне байланысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды 7kun.kz.
Ведомство хабарлауынша, әскери қызметшінің өлімі тек Қарулы күштерде ғана емес, басқа да әскер түрлерінде орын алуда.
«Бағыныстылардың өмірі мен денсаулығына ҰҚК Шекара қызметі, ІІМ Ұлттық ұланы, Мемлекеттік күзет қызметі және Төтенше жағдайлар министрлігі де жауапты. Бейбіт уақытта аталған күштік құрылымдар Қарулы күштердің құрамына кірмейді және Қорғаныс министрлігі олардың қауіпсіздігін бақыламайды», – делінген министрлік хабарламасында.
Қарулы күштерде болған әрбір жағдайды әскери полиция қызметкерлері және басқа да қылмыстық қудалау органдары мұқият тексеретіні атап өтілді.
«Тексеру нәтижелері өзіне-өзі қол жұмсау көп жағдайда әскери қызметпен байланысты емес екенін көрсетті. Әскерге шақыруға дейінгі кезеңде әскери қызметшілерді осындай әрекетке итермелейтін әр түрлі өмірлік жағдайлар кездесетінін ескеру керек», - делінген министрлік хабарламасында.
Қазір Қорғаныс министрлігінің бастамасымен ғылым, құқық қорғау органдары мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен әскери ортада орны толмас шығынды барынша азайтуға және суицидтің алдын алуға бағытталған «Өмірді сақта» кешенді бағдарламасы әзірленуде.
Еске салайық, 21 тамызда Жамбыл облысында шекара қызметінің 18 жастағы сарбазы Бекбол Мираш қаза болғаны хабарланды. Бұған дейін әлеуметтік желіде Бекболдың өз-өзіне қол салғаны туралы ақпарат тараған.
Ал оның алдында Жамбыл облысындағы 30212 әскери бөлімде мерзімді әскери қызметке Маңғыстау облысынан шақырылған 18 жастағы сарбаз Әлібек Қалбай төрт күннен кейін қайтыс болды.
Ал өткен аптада Атырау облысындағы Шекара қызметінің әскери қызметшісі Нұрбек Ерғалиев қаза болды.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024