«Шілдехана, бесік той, тұсаукесер, сүндет той»... Міне, қазақтың тойлары осылайша игі жалғасын тауып кете береді. Баланың дүниеге келуі отбасы үшін мерейлі мереке болса, оның ат жалын тартар азамат болуы екі есе қуаныш.
Сүндет – әлемнің барша мұсылман қауымы үшін үлкен рәсім. Баланы сүндеттеу – ер баласы бар әрбір үйдің парызы. Біз білетін сүндеттеу тарихы өте ертеден басталады. Мұсылман елдерінен басқа Орталық Американың үндiстерi, британдық ханзада отбасылары, африкалық тайпалар, сондай-ақ Канада, Австралия, Жаңа Зеландия, Англия сынды мемлекеттерде де бұл рәсімді жасайды. Сүндет мұсылмандар мен еврейлер үшін діни міндет, ал өзге халықтар мұны гигиенаны сақтау үшін де жасайды. Енді сүндет тойдың қаржысына оралайық:Ең қадірлі қонақ
Әрине, сүндет тойдың басты қонағы – сіздің азаматыңызды аман-есен сүндетке отырғызған қожа-молда немесе дәрігер. Сүндеттеуге келгенде «қолы жеңіл» адамдарды алыстан іздей бермейміз. Бастысы, ағайынның айтысы, той өткізген жақынның кеңесі бойынша таныс жандарды іздеп табамыз. Бірақ, ол кім болса да қалтаңыздан алып, сыйлық ұсыну сіздің міндетіңіз һәм қуанышқа берер «сүйіншіңіз». Оның құны қандай боларын әрбір той өткізген адам қалтасына қарап есептейді.Той қонақтары
Қазақ халқы үшін баланың қуанышына шашылудан артық бақыт жоқ. Сүндет той жасаған соң оған келетін қонақтың қарасы «ақ басты ақсақалдың» мерейтойынан кем түспейді. Сәбидің өз жұртын айтпағанда, нағашы жұртынан келетін меймандардың өзі мейрамханының бір іргесін толтырып отырады. Егер мейман санын 100 деп есептейтін болсақ, сіз үшін Алматының мейрамханаларды адам басына 5000-нан жоғары ақша алады. Ал, кішігірім кафелерге жасайтын болсаңыз, бұдан арзан бағаға табуыңыз бек мүмкін.Шақыру қағаздары
Шақыру қағазы бүгін де туысқан мен туған, ағайын мен бауырдың арасындағы «сыйластықтың символы» іспеттес. Шақыру қағазын бермесең тойыңа шақырғың келмеген адамдай боласың. Шақыру билеттерінің құны 30 теңгеден бастап есептеледі. Егер, қалтаңыздағы қаржы артылып жатса 100 адам үшін «ең тәуір» деген шақыру қағаздарын жасата аласыз. Әрине, оның бағасы 100 теңгеден басталады. Ал, ұлттық үлгідегі сүндет той шақыруларын жасатқыңыз келсе 1000 теңге төлейсіз.«Сүндет жейде»
Баланың төрде жарқырып отырғанын қай ата-ана болса да құп көреді. Сол үшін «басына үкіден тақия кигізіп, үстіне жібектен шапан жабатындар» да баршылық. Алғашқы күндері кең көйлекті сүндетжейде киген бала, той күні қазақы киім киіп шығады. Оны әрине, қалтасы көтергендері тіктіріп алса, халықтың басым көпшілігі жалға алғанды тиімді санайды. Ал, жалға алу құны 15 000 теңгеден басталады.Балаңыздың көлігі
Қазақтың сүндет тойын арғымақ аттан танисың. «Жігіт болу» арғымақ аттың жалын тартып, үстінде тік отырумен бағаланады. Отбасының отын сөндірмейтін жалғасы үшін арғымақ атты жалға алатын жандар көп (ауылдағы ағайындар басқаша). Алматы қаласында аттарды той-думан үшін жалға алу құны 3000 теңгеден басталады (арбасымен қоса алып, қаланы аралайтындар үшін 40 000 теңге).Батамен ел көгерер
Тойдың шымылдығы ашылды деген сөз, ақ басты қарттарымыздың көмейінен тілек ағылды деген сөз. Балаңыздың тілегін тілеп, көкірегіндегі ақ батасын алақан жайып айтып жатқан аталар мен әжелер қауымына берер сый-сыяпатыңыз дайын болсын. Қазақ халқы «орамал тон болмайды, жол болады» дейді. Қоржыныңызда атасы үшін бір шапан (25 000 теңгеден басталады), әжесі үшін бір орамал (жібек орамалдар 5000 теңге) ораулы тұрсын.Асаба
Тойдың көркін қыздыру үшін асабаның болуы маңызды. Бүгінде әрбір той басқарушысыз өтпейді. Асабаның ең арзаны өз туысыңыз немесе танысыңыз, ал қаржыңыз жеткілікті болса құны жоғары «жүргізушілерді» таңдауыңызға да болады. Асабалық қызметті енді бастаған азаматтар 40 000-50 000 теңге көлемінде қаржы алады. Ал, арнайы шоу бағдарламасымен, өз тобымен келіп өнер көрсеткенін қаласаңыз 100 000 теңгеден артық шығын шығуы ықтимал.Сиқыршылар мен клоундар
Егер бүлдіршіндердің көңілін көтерем десеңіз, әртүрлі ойындар ұйымдастырып, сиқыршылар мен сайқымазақтарды да қонаққа шақырсаңыз болады. Алматы қаласында сайқымазақтардың өнер көрсетуі сағатына ең арзан дегенде 7000-8000 теңге көлемінде болады. Ал, тобымен келіп өнер көрсетер болса, 40 000 теңге төлейсіз.Дастархан мәзірі
Дастархан мәзірін таңдау барлық жерде ұқсас келеді. Өзіңіздің қонақтарыңыз үшін 4 түрлі салат, 2 түрлі тіскебасар, бауырсаққа тапсырыс берсеңіз болады. Ал, балақайларға арналған тәттілер, сусын және мал еті өз мойныңызда. Демек, сусындар үшін 100 000, балақайлардың тәттісі үшін – 50 000 және бір жылқы немесе сиырды алуға ақшаңыз даяр болсын. Малдың ең арзанының құны 150 000 теңгеден басталады. Ескерту: Барлық бағаларды ең төменгі шекті деңгеймен алуға тырыстық. Алайда, өзге облыстар мен аймақтарда бағалар сәйкестігі болмауы мүмкін. Дайындаған Арайлым Әкім "7"Похожие материалы
Новости
Экономика
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024