Қазақстанда қонақүй бизнесі қарқынды дамып келеді. Шетелдік қонақүйлер желісі елде өкілдіктерін ашып, бәсеке арқылы жергілікті кәсіпкерлердің қызмет көрсету сапасын біраз көтеріп тастады. Алайда сарапшылар аталған салада білікті мамандардың жетіспеушілігі мен номерлердің қымбат болуы сектордың дамуына кедергі келтіріп жатқанын айтады.
Қонақүй бизнесі – инвесторлардың назарын тез аударатын кәсіптің бірі, тіпті кей елдерде бұл жалпы ішкі өнімнің көп бөлігіне ие. «Аталған бизнес түрінен табыс тез арада келе қоймайды – ең аз дегенде бес жылдан кейін кіріс келе бастайды. Бірақ өтімділік айтарлықтай жоғары болуы мүмкін. Дегенмен, мұның бәрі қонақүйдің түрі мен орналасқан жеріне, мерзімі мен басқа да факторларға байланысты», - дейді VisitKazakhstan компаниясының даму жөніндегі менеджері Маржан Траиспаева.
Ресми деректор бойынша, елде соңғы он жылда қонақүйлердің саны 871-ден 2754-ке артып, үш есе ұлғайған. Ал статистика комитетінде тіркелген бөлмелер көлемі 2016 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында 75,9 пайызға артып, 60 427-ге жетті. Жалпы алғанда Қазақстандағы қонақүй бизнесі көбіне жекеменшікте: елде 77 мемлекеттік, 2647 жекеменшік кәсіпорын болса, шетелмен бірлескен 41, шетелдік 30 қонақүй бар.
2016 жылы аталған салада жұмыс істейтіндер саны 26 542-ге (65 пайызы – әйелдер) жетті. Қонақүй бизнесінің 19,5 пайыз қызметкері Алматы қаласында жұмыс істейді.
Елдегі қонақүйлердің деңгейіне тоқталсақ: бұл кәсіптегі қоныстанатын жердің 62,4 пайызы – қонақүй, оның 83,8 пайызында категория жоқ. Тек 20 қонақүй – бесжұлдызды, 85-інде төрт жұлдыз бар, 138-інде үш жұлдыз, 20-сында екі және 15-інде бір жұлдыздан бар. Бес жұлдызды қонақүйде бір күн түнеу құны 30 433,2 теңге болса, санатсыз үйлерде бұл 5 631 теңгеге шығады.
Қонақүйлердегі бөлмелердің баға айырмашылығы өте үлкен. Мысалы, Booking.com сайтындағы ақпаратына сүйенсек, клиент қонақүйде бір түн болуы үшін 7 500 теңгеден бастап 336 мың теңгеге дейін төлеуі мүмкін. Айта кетейік, ең қымбат номерлер Marriott, Ritz-Carlton, Rixos, Hilton, қытайлық Soluxe, Royal Tulip секілді шетелдік қонақүйлерге тиесілі.
Маржан Траиспаеваның айтуынша, елге келгендердің көбі қонақүй номерлерінің тым қымбат екенін, одан да Түркияға барып демалған тиімді екенін айтады. Бірақ, - дейді маман, - орташа деңгейден қымбаттау баға ұсынатын қонақүйлерде бос орын болмай қалады, ал арзан қонақүйлерде әрқашан орын табылады. «Бұл – туристерге баға емес, сапа маңызды деген сөз», - дейді сарапшы.
«Қызмет сапасы нашар»
Ұлттық қауіпсіздік комитеті кеден қызметінің дерегінше, 2016 жылы туризм бойынша елге 6,51 млн адам кірген. Оның 722,5 мыңы (11 пайызы) қонақүйге тұрақтаған. Ал ішкі туризм бойынша саяхаттаған қазақстандықтардың саны 4,55 миллионға жеткен. Оның 3 миллионнан астамы (77 пайызы) қонақүйлерге жайғасқан. Ал жалпы қызмет көрсетілген клиенттер саны 4,22 млн адамға жеткен. Ресми деректер бойынша, келгендердің көбі – 53,2 пайызы жеке мақсатпен, 84,4 пайызы жұмыс бабымен келген.
Сарапшылардың айтуынша, аталған сектордағы негізгі мәселенің бірі – білікті маманның жетіспеуі. «Басқа аймақтан бұрын, Алматы мен Астана қонақүйлерінің өзінде бұл үрдіс байқалады. Мысалы, қызметкерлер күлмейді, қонаққа аса қатты мән бермейді, қонақжайлық қағидаларының сақталмайды», - дейді Нархоз университетінің туризм және қызмет кафедрасының меңгерушісі Елена Әбенова.
Сарапшы бұған мамандардың білімі өздері атқарып отырған қызметке лайық емес екені себеп болып отырғанын айтады. «Бұл секторда қызмет ететіндердің кәсіби білімі жоқ, тіпті менеджерлердің өзі басқа мамандық иелері. Қызмет сапасының төмен болуына осы да себеп», - дейді ол. Ал Маржан Траиспаева шағын қалалар мен шипажай қонақүйлерде шетелден келген қонақтармен ағылшынша сөйлесе алатын қызметкерлердің болмауын негізгі мәселе ретінде көрсетеді.
Үміт жоқ емес
Бұл салада мәселелер мен кемшіліктердің барына қарамастан, қонақүй бизнесінің болашағы бар. «Қазір көбі қызмет көрсетуге тырысып жатыр. Университтердің біразы ірі қонақүйлермен келісім-шартқа отырып, кәсіпорындар мен шетелде білімін жетілдіріп келеді. Бұдан бөлек соңғы жылдары «Ресторан ісі мен қонақүй бизнесі» мамандығына оқуға түсетін жастар артып келеді», - дейді Елена Әбенова.
Оның үстіне, сарапшылар қонақжайлық бизнесінде бәсеке күшейіп келе жатқанын айтады. «Шетелден келген ірі қонақүй өкілдіктері қызмет көрсету сапасына айтарлық әсер етіп жатыр. Олар бізге бір-екі күн жұмыс істеу үшін келген жоқ. Үйренеріміз өте көп», - дейді Әбенова.
Айта кетейік, жергілікті ұйымдардың ақпараты бойынша, өткен жылдың алғашқы жарты жылында Қазақстанда ішкі туризмді таңдағандар саны былтырғы жылғымен салыстырғанда 5,8 пайызға өсіп, 2,1 миллион адамға жетсе, шетелге демалуға шығатындар саны 4,5 миллион адам болған. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 18 пайызға аз.
Мейірхан Амангелдиев
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024