Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Шет елдерде алданып қалмау жолдары

Шет елдерде алданып қалмау жолдары

Әр елдің алдауы басқа. Иә, расымен шетелге шығар болсаңыз, алданып қалмаудың жолдарын біліп алғаныңыз жөн. Сіздің өзге елден келгеніңізді байқап қалған алаяқтарға сізді тақырға отырғызып кету қиындық туғыза қоймайды. Алданып ем іздегенше, алданбаудың жолын біліп жүргейсіз.

Түркия

Мейрамханаға тамақтануға барғанда даяшы берген мәзірді кеткенше үстеліңіздің үстінде сақтаңыз. Себебі, ас ішпес бұрын қол жетімді көрінген бағалар кеш соңында айға қарыштап кетуі ғажап емес. Олай болатыны - алғашында сізге бағалары төмен мәзір беріледі. Сіз шағымданған жағдайда сіздің қолыңызға мүлдем басқа бағалар жазылған мәзір беріледі. Бірінші келгенде қарсы алған даяшы да жоғалып, оның  орны ауысады. Осылайша, 2-3 есе артық ақша төлеуге мәжбүр боп қаласыз.

Таксиге мінбес бұрын жүргізушімен міндетті түрде нақты бір бағаға келісіп алыңыз. Олай болмаған жағдайда, бастапқыда келіскен бағадан тайқып, көтеріп жіберуі мүмкін. Мәселен, 5 долларға келіскен болсаңыз, сол ақшаны межелі жерге жетпей бермеңіз. Тағы бір ескере кететін жәйт - таксиден түскен соң барып ақшаңызды төлеңіз. Әйтпесе, ақшаңызбен қоса өзіңізді де басқа жаққа алып кетіп, ақыр соңында қайтадан апарып тастауы үшін қосымша ақша шығаруға тура келеді.

Тарихи жәдігерлерді сатып алмаңыз! Кез келген көшеден тарихи құнды заттарды сатып жүрген адамдарды кезіктіруге болады. Қанша қызықсаңыз да, алмаңыз. Себебі, тарихи жәдігермен елден сізді шығармайды. Тіпті ұрлады деген айып тағуы да мүмкін. Қалай болған күннің өзінде, ол зат сізбен бірге қайтпайтын болады.

turciya-dostoprimechatelnosti-01

Таиланд

Бағалы тастар әдемі әрі бағасы да қолжетімді көрініп тұр ма? Аталған екі сипаттың да жалған болып шығу ықтимал. Біріншіден, гауһар тастардың шынайы түрінен, жасандысын сату көбірек кездеседі. Екіншіден, қай бағалы тас кез келгенге қолжетімді болады? Тастардың шынайылығын тексеру мүмкін емес. Таиландта өңделмеген тастарды шекарадан өткізбейді.

Бангкоктағы храмның жанында кептерлер көп жүреді. Сол себепті ол жерде кептерлерге жем сатылады. Көбісі сол кептерлерге жем беріп, жанына суретке түсіп әлек боп жатады. Бастапқыда, бірнеше бумаға салынған жемді 50 батқа беремін деп тұрған саудагер, сіз суретке түсіп, жем таусылған соң әр бума үшін 50 бат сұрауы мүмкін. Төлемеймін деп қасарыссаңыз, "достарымен" бірігіп сізге соққы беріп кетсе де, таң қалмаңыз!

00

Болгария

Сіз ақшаңызды жергілікті левқа ауыстырғыңыз келсе, қонақ үй, банк секілді мекемелерде ауыстырыңыз. Себебі, шағын айырбастау бөлімшелерінде сіз есептеген ақшадан әлдеқайда аз соманы қолыңызға ұстатуы мүмкін. Алдымен сізге қол қоюыңыз тиісті деп құжат беріледі. Сіз көзді жұмып, қоя саласыз. Осыдан кейін ақшаңызды қолға алғанда неге аз болды, курс бойынша олай емес деп айта алмайсыз. Себебі, келістіңіз - қолыңыз қойылды. Қай елде болмасын, құжатқа қол қоярда абай болыңыз. Өзіңіз түсінбей тілде құжат жүргізбеңіз. Басы артық мәселелер осыдан туындайды.

Болгария мен Крымда бұл әдістің таралып кеткені сонша, қазір жаңа тәсіл ойлап табылды. Ақша айырбастау бөлімшелерінде курс жазылатын тақтайшаға курс жазылып тұрады. Тақтайшаға АҚШ не Еуроодақтың тулары бейнеленген магниттер бекітіледі. Соңында, сізге жоғарыдағы айтылғандай аз ақша береді. Себебін түсіндіруді сұрасаңыз, тақтайшадағы жазулы тұрған курс емес, магнит тулардың бағасы ғана болатын деп шығарып салады.

bulgaria

Қытай

Қытайда жасалған деген сөздің өзі оның түпнұсқа емес дегенін білдіріп жүргелі қашан?! Бұл елге баратын болсаңыз, қымбат әрі бірегей бұйымдардың ұқсас баламаларына көптеп жолығасыз. Ол көшірмелерді жоғары сапалы әрі сапасыз деп екіге бөлуге болады. Ол жерде әлемдік брендтермен аттас фабрикалар мен зауыттар өздерінің өнімдерін шығарады. Ал, туристер Қытайға барса, жібек пен меруерт тастар ала келуге құмар болады. Мұндай жағдайда алданып қалмау үшін мына ережелерді жадыңызда ұстаңыз:

— тастарды жерге лақтырып көріңіз. Нағыз меруерт секіргіш қасиетке ие;

— табиғи гауһар тастар жылтыр әрі майда келеді, ал пластмасса моншақтың жөні бөлек;

— тастың бұрғыланған саңылау тұсына көз салыңыз, егер жасанды болса, саңылау жағы сынық не жарық болады;

Жібек алар кезде: 

– матаның шетін кесіп, жіпті жағып көріңіз. Жасанды жібек балқып кетеді де, табиғи түрі күлге айналады, әрі ешқандай исі шықпайды. Егер сатушы оған рұқсат бермесе, басқа дүкендерге барыңыз. Ол жақта жібек сатушылар саны өте көп.

tur-kitaj-iz-permi

Есіңізге сала кететін маңызды нәрсе - Азия дүкендерінің көпшілігінде ақша қайтарылмайды. Сол себепті көбіне ұсақ ақшаларыңызды өзіңізбен бірге ұстап жүріңіз. Сізге артылған ақшаңызды беруден бас тартса - полицияға хабарласып жатқандай кейіп танытыңыз. Олардың басына артық мәселер керек емес қой. Несие картаңызды да өзіңізбен алып жүрмегеніңіз абзал. Біріншіден, ұрлап кетуі мүмкін, екіншіден жалған банкоматтар саны өте көп. Олар картаңыз салған кезде құпиясөзіңізді есте сақтап қалады да, кейін оны ұрлатып аласыз. Немесе, құпиясөз терген соң, картаңызды банкомат жұта салады. Осылайша, ақшасыз қаласыз.  Ақша алатын ойыңыз болса, үлкен мекемелерден ғана алыңыз. 

Чехия

Еуропаның барлық жерінде туристерге құрметпен қарайды дегенді көп естіген боларсыз. Десе де, Чехияға жолыңыз түсіп жатса, супермаркеттерінде берілетін түбіртектерді дұрыстап тексергеніңз артық болмайды. Бірнеше дана заттар алып жатсаңыз, санап шығыңыз. Олай болмаған жағдайда, түбіртекте бірнеше данасы артық көрсетіліп, ақшадан ұтылып қаласыз. Мәселен, 8 жұмыртқаның орнына 10 деп көрсетіліп кететін жағдайлар аз кездеспеген. Сол секілді, қате басылып кеткен символдар деген бар. Ол қалай десеңіз, 1,55 еуро дегендегі алғашқы саннан кейінгі үтір қателесіп, келесі саннан соң салынуы мүмкін. Осылайша, 15,5 еуроға зат алған боп шыға келесіз. Егер осындай олқылықтарды байқап қалсаңыз, сізден мәдениетті түрде кешірім сұраумен шектеледі. Сол себепті түбіртекке баса мән бергейсіз!

56_11448

Египет

"Египеттік түйе" деп аталатын алдаудың атақты әдісі туралы естуіңіз бар ма? Ол тіпті энциклопедияға осы атпен енген. Бәдеуилердің (бедуин) ұсынатын қарапайым қызметі былайша өрбиді: сізді түйеге тегін мінуге шақырады. Сіз, әрине, келісесіз. Расымен де мінгізу тегін. Ал, түсіру жағы - ақылы. Түйенің төбесінде отыра бермейсіз ғой. Сол себепті төлеуге мәжбүр боласыз.

Египетке барсаңыз, барлық жерде сізге базальттан жасалған мүсінше сатып алуға кеңес беріп жатады. Негізінде, олар қара түске боялған сабын болып шығатын жағдайлар көп кездеседі. Жасанды не табиғи екенін айыру оңай-ақ: сабын мүсіншелер өте жеңіл болады әрі ұрған кезде таспен ұрғандағы дыбыс шығары алмайды.

egiped11

Елге ораларда туған-туысқанға базарлық ала бару дұрыс. Шамаңыз келсе, түбегейлі тексерістен соң барып сатып алыңыз. Әйтпесе, жасанды заттың өзіне артық төлеп, сыйлығыңыздың сәнін кетіріп аласыз. Тек ақшаға ғана емес, құжаттарыңызға да абай болыңыз. Түпнұсқасын көп адамның ойына келмейтін жерлерге жасырып қойыңыз. Өзіңізбен бірге тек көшірмелерді алып жүруді әдетке айналдырыңыз!

 

Похожие материалы