Өткен аптада Кеген ауданы, Шырғанақ ауылының тұрғындары әкім сайлауы әділетсіз өтті деп дау көтерген болатын. Көп ұзамай ауылға Амандық Баталовтың тапсырмасымен Талдықорғаннан арнайы комиссия барып, «сайлау әділ өтті» деп шешім шығарған.
Сонымен әңгіме тәмам деген атқамінерлер ауыл ақсақалынан жас әкімге бата беруді сұраған. Бірақ ауыл жұртының да, қарияның да батасын ала алмаған комиссия облыс орталығына асығыс аттанып кеткен.
Ауыл халқының бұрынғы әкім Оразбай Бекбатыровты қайтадан өз орнында қалдыруды сұрап, айтқандарынан танар емес. Ауылға арнайы барған журналистер да мәселенің мән-жайына қанығып, халықтың талабы дұрыс екеніне көз жеткізген. Ал осындай ел ішінде дүрбелең, қысылтаяң уақытта Кеген ауданының әкімі Шырғанаққа бармағаны белгілі болды.
ШЫРҒАНАҚ АУЫЛЫНЫҢ ӘКІМДІГІНЕН ҮМІТКЕРЛЕР КІМ?
25 наурыз, 2021 жыл. Кеген ауылы. Осы күні аудандық мәслихатта Шырғанақ ауылдық округінің сол кздегі әкімі Оразбай Бекбатыров, жаңа үміткерлер Жомарт Сейітқазыұлы мен Ернар Сарыбаевтың сайлауалды бағдарламалары тыңдалған.
Оразбай Бекбатыров Шырғанақ ауылдық округін төрт жыл басқарған. Бұрынғы дәрігер, сол ауылдың тумасы болған соң, елдімекен халқы оны аттай қалап, әкім болуға үгіттеген. Төртжылдық қызметін абыроймен атқарған Бекбатыровты шырғанақтықтар тағы бір мерзімге қалады деп қатты үміттенген.
Ал аудандық «Қарқара» газетінің бетіне шыққан ақпаратқа қарағанда тағы бір үміткер Ернар Сарыбаев Қарқара ауылында туған, соңғы 2 жылда Қарқара ауылдық округі әкімдігінде құрылымдық бөлімде 2 жыл еңбек еткен. Үшінші үміткер Жомарт Сейітқазыұлы аудандық «Жер қатынастары» бөлімінің басшысы.
Ашықтық үшін үміткерлердің өмірбаяндары мен сайлауалды бағдарламаларын желіге жариялап қойған жөн болар еді. Парламент депутаттары мен тіпті Президент сайлауының өзінде үміткерлердің өмірбаяндары мен сайлауалды бағдарламалары ашық жарияланады. Демек «Сайлау туралы» заңға қайшы емес. Бірақ Шырғанақ әкімдігінен үміткерлер туралы дерек жоқ.
БАР-ЖОҒЫ 20 МИНУТТА ТАҒДЫРЫ ШЕШІЛГЕН ӘКІМДІ ЖАҚТАУШЫЛАР ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ АРҚЫЛЫ ҮНДЕУ ЖОЛДАДЫ
5 сәуір, 2021 жыл. Кеген ауылы. Дүйсенбі күні аудандық Мәслихатта сайлау өткен. Тағы да облыс әкімдігі таратқан ақпаратқа сүйенсек сайлауға 12 депутаттың 10-ы қатысқан, 2 депутат себепті жағдайлармен қатыса алмаған. Сайлаудың қорытындысы бойынша бюллетень салынған сайлау жәшігі сайлау комиссиясы мүшелерімен, үміткерлердің сенімді уәкілдерінің қатысуымен ашылып, бюллетендер саналып Шырғанақ ауылдық округінің әкіміне үміткер Оразбай Бекбатыровқа 3 депутат, Ернар Сарыбаевқа 7 депутат жақтап дауыс бергені анықталған. Нәтижесінде ол ауыл әкімі ретінде сайланып, аудандық аумақтық сайлау комиссиясы тиісті хаттама жасап, рәсімдеген.
8 сәуір, 2021 жыл. Байеділов өз адамдарын тағайындап отыр. Facebook әлеуметтік желісінде жарияланған Шырғанақ ауылы тұрғындарының Президентке, Үкімет басшысына, БАҚ өкілдеріневидео, мәтін түріндегі үндеуі мен желі қолданушыларының жазбасының мағынасы осыған саяды.Онда ауыл әкімін сайлаудың әділетсіз өткені, 20 минуттың ішінде Ернар Сарыбаевтың сайланып, Бекбатыровтың орыннан кеткені туралы айтылады. Сондай-ақ, аудан әкімі Талғат Байеділовтің өзіне қарсы келген ауыл әкімдерін, мекеме басшыларын бірден орындарынан алып, жаңадан өз адамдарын тағайындау саясатының жүріп жатқанына жұрттың наразы екені, соңғы 2 жылда он шақты ауыл әкімдері, мекеме басшылары орындарынан кеткені айтылған.
Тіпті тізімі де жүр. «Олардың қатарында бұрынғы Жалаңаш ауылдық округінің әкімі болған марқұм Есперов Роман ағамыз, Игінбаев Тойғанбек, Асылбеков Мақсат, Сұлтан Айдын, Молдабаев Болат, Алмабеков Нұрлан, Мыңбаев Рустем және тағы да басқа ауылының қамын жеп, елі үшін еңбек етіп жүрген азаматтар бар», дейді желідегі жазбада.
Сондай-ақ ауыл тұрғындары сайлау кезінде шешім қабылдаған аудандық мәслихаттың құрамына сенбейміз, өйткені 12 депутаттың 10-ы аудан әкіміне тікелей бағынатын мекемелерден жалақы алатын қызметкерлер көрінеді. Ауыл тұрғындары өз талаптарында Бекбатыровты қайтаруды сұрайды. Ал жаңа сайланған әкім Ернар Сарыбаев аудан әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбековтың досының ұлы делінген әлеуметтік желідегі жазбада.
КЕГЕН АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ АППАРАТЫ ХАЛЫҚ МҮДДЕСІН ҚОРҒАМАЙДЫ - РАМАЗАН СТАМҒАЗИЕВ
8 сәуір, 2021 жыл. Оразбай Бекбатыровты осы ауылдан шыққан дәстүрлі әнші де қолдады. Ауыл тұрғындарының наразылығын белгілі әнші, қоғам қайраткері Рамазан Стамғазиев қуаттап, Instagram желісінде жазба қалдырды.
«Неге 20 минутта ауыл әкімі ауысты?», деп басталатын жазбада ауылдан түлеп ұшқан азаматтардың бұрынғы әкім Оразбай Бекбатыровтың ауылға сіңірген еңбегіне көз жұмып қарай алмайтынын, маслихат депутаттары мен Кеген ауданы әкімінің аппараты халық мүддесін емес, тек белгілі бір адамдардың мүддесін қорғап кеткенін көріп отырмыз, айтады. Сөз соңында Бекбатыровты Шырғанақ ауылдық округінің әкімі етіп қайта сайлау керегін айтады. Бұған желі қолданушылары қолдау білдірген.
8 сәуір, 2021 жыл. Сол күні кештұрым танымал сайттар мен ақпарат агенттіктері Шырғанақтағы мәселе туралы жаза бастады. Аталған шиеленіс туралы adyrna.kz сайты «Шырғанақ ауылының жаңа әкіміне халық қарсылық білдіруде» деген тақырыппен мақала жазып, Рамазан Стамғазиевтің жазбасын негізге ала отырып, ауыл тұрғындарының наразылығын жеткізді.
Ал kznews.kz сайты «Елбасының, Президенттің атымен қатар айтылады: Кегенде аудан әкімі дара билік жүргізіп отыр ма?», деген атпен белсенді Мұрат Иманбектің әлеуметтік желідегі жазбасын негізге ала отырып, Кеген ауданындағы қордаланған мәселелер, келеңсіздіктер жайлы соңғы кезде қоғам белсенділері мен желі қолданушылары арасында жергілікті жердегі халықтың жанайқайын жеткізуді сұраған ашық хаттар көбейгені туралы баяндады. Ақпарат құралы «Ал, мұндай ашық хаттар мен көтерілген мәселелерді шешуге, жауап беруге Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың құлқы жоқ сияқты. Әлі жауап бермеген», деп жазады. Мақала «Еститін үкімет» концепциясы жарияланғанын білеміз. Енді үкіметтің еститіні, халық үніне құлақ асатыны рас болса Кеген ауданындағы бұл мәселеге назар аударып, тиісті тексеру жүргізіп, әділ шешім шығарады деген үміттеміз», деп аяқталады.
БАТАЛОВТАН ДА «БЛАТНОЙ» ӘКІМ КІМ, АУДАН БАСШЫСЫ НЕГЕ УӘДЕСІН ОРЫНДАМАЙ ОТЫР?
Nege.kz сайтындағы материалға ел елең ете қалды. «Алматы облысында Баталовтан да «блатной» әкім бар», деген мақалада Шырғанақ ауылындағы әкім сайлауы туралы кеңірек жазылып, соңғы кезде «Кеген жақтың аты жиі шығады», деген мәселе көтерілді. Ақпараттық сайт соңғы жылдары өңірде орын алған дау-дамайларды еске түсіріп, былтыр аудан әкімінің орынбасары Дастан Құдабаев бастаған жер комиссиясы жабық конкурс өткізіп, жер телімдерін комиссия мүшелері мен туған-туыстары бөліп алғанын жазды. Бірқатар БАҚ бетінде ол туралы жазылған да еді. Белгілі заңгер Бақытжан Базарбек осы мәселе туралы informburo.kz сайтына берген сұхбатында конкурс заңсыз өткенін және бірқатар өрескел заң бұзушылықтар болғанын айтқан.
Бұл іс бойынша да облыс басшысы Амандық Баталовтың тапсырмасымен комиссия құрылып, істің ақ-қарасын анықтау Алматы облысы әкімінің сол кездегі баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкелге жүктелген еді. Ол azattyq-ruhy.kz ақпарат агенттігіне берген сұқбатында «Ауданда лоттар бойынша тексеру жүргізіледі. Заңдылыққа сәйкестігін тексеру үшін прокуратура да тартылды. Егер заңсыздық анықталса, бұл комиссияның шешімдері толығымен жойылып, арнайы қайтадан комиссия құрылады. Сонымен қатар комиссия жұмысында ағаттықтар анықталатын болса, тәртіптік немесе қылмыстық жауапкершіліктер қарастырылады», – деген. Алайда, ақырында кімнің жазаланғаны белгісіз болып қалды. Бұл үшін ешкім жұмыстан қуылған жоқ. Тек комиссия шешімі жойылғаны туралы ақпарат қана шықты. Жергілікті шаруалардың айтуынша бұл мәселе сол күйі шешілмеген. Олардың аудан әкімдігінен бастап тиісті органдарға жолдаған хатына әлі ресми жауап келмепті. Сондықтан шаруалар жақын күндері аудан әкімімен кездесіп, аталған мәселені тағы талқыламақ екен. «Облысқа хат жолдаймыз, тіпті болмаса шаруашылығымызды жабуға тура келеді, өйткені аядай жерде мал бағу мүмкін емес», деп отыр. Кегендегі кезекті шу - жер мәселесі болатын сияқты.
Жалпы аталған ауданда жер мәселесі өте күрделі болып тұрғаны туралы жиі айтылады. «Сырттан келген инвесторлар аудандағы ең шұрайлы жерлерді сатып алып, қоршап тастаған. Енді Қарқара, Ақсай сынды ауыл тұрғындары малын 100 шақырымға жуық жердегі Көкпек жазығына апарып жайып, шөпті Алматыдан сатып алуға көшкен. Мұны қазір жұмыс істеп жатқан Жер комиссиясының да құлағына алтын сырға ретінде айта кетейік. Мұның бәрін халық аудан әкіміне айта-айта шаршадық, түк қозғалыс жоқ екенін айтады». Мұны Nege.kz аталған мақалада атап өткен.
Бұл сайт биылғы қыста БАҚ жарыса жазған мәселенің бірі - Кегеннің маңындағы Бөлексаз ауылындағы сиыр фермасында мал қырылуын да еске салады. Тұрғындар «ауыл іргесіндегі фермадан келетін сасық иістен ауылда тұру мүмкін емес, аудан әкімі мәселені шешеміз деген, әлі қозғалыс жоқ», дейді. Мұнда да сырттан келген инвестор ауыл іргесіне ферма салып, ауылды күлімсі иіске бөгіп отыр. Әлеуметтік желіде тараған видеоның бірінде аудан әкімі Талғат Байеділов тұрғындарға бұл мәселенің көктемде шешілетінін айтып тұр. Алайда көктемнің ортасы болды, мәселе сол қалпынан қозғалған жоқ.
Nege.kz мақалада аудан әкіміне «блатной» деп баға береді. Оған себеп – аудандағы шешілмей келе жатқан шулы мәселелер облыстан аспай, басылып қалады. Әріптестеріміз мақаланы «Егер шырғанақтықтардың шырылы тағы да облыстан аспаса, күдігіміз қоюлана түседі...», деп аяқтайды.
ҚАРҒА ҚАРҒАНЫҢ КӨЗІН...
9 сәуір, 2021 жыл, Шырғанақ ауылы. Жұмада ауылға Талдықорғаннан құрамында Алматы облысы әкімінің нұқсауымен облыстық мәслихаттың хатшысы Жанболат Жөргенбаев, Алматы облысы әкімі жанындағы әдеп жөніндегі уәкіл Ғабит Тұрсынбай және Алматы облыстық сайлау комиссиясың төрағасы Тимур Дәуітов бар арнайы комиссия барды. Бұл туралы azattyq-ruhy.kz тілшісі оқиға орнынан көлемді мақала жазып, жариялады.
Комиссияның құрамында болған Жанболат Жөргенбаев мырзаның осы Кеген ауданындағы Қарқара ауылында туып-өскенін, еңбек жолын Қарқара ауылындағы совхоз жұмысшысы болып бастағанын, ал Шырғанаққа сайланған жас әкім Ернар Сарыбаевтың соңғы уақытта Қарқарада қызмет еткенін ескеру керек. Бұдан бөлек Жанболат Жөргенбаев мырзаның өмірбаянында 2009-2019 жылдары «Қарасай құрылыс» ЖШС бас директоры болғаны жазылған. Ал Шырғанақ тұрғындары ұлының досын әкелді деп айыптап отырған Кеңес Қабылбеков мырза 2016 - 2018 жылдары дәл осы«Қарасай құрылыс» ЖШС атқарушы директорының орынбасары болған. Бұл комиссияны аймақты біледі деген адамның басқарып барғаны дұрыс шығар, бірақ жерлестік пен тамыр-таныстықтың да маңызды фактор екенін ұмытпаған жөн. Сондықтан Кегенге қатысы жоқ, бейтаныс адамның барғаны жөн еді. Бірақ облыс басшылары мұны ескермеген сияқты.
Айтпақшы, аудан әкімі Талғат Байеділов бұл күні 20 шақырым жердегі Шырғанаққа бармады. Комиссия мүшелері ауылдың бұрынғы әкімі Оразбай Бекбатыров және ауыл ақсақалдары алқасымен екі сағатқа жуық сөйлесіп, бұл дауды өршітпеуді сұраған. Және сайлаудың заңды өткенін, Ернар Сарыбаевты ауыл әкімі ретінде сайланғанын мақұлдаған. Алайда ауыл тұрғындары комиссияның шешімін тыңдаудан бас тартып, ауылдық мектептің мәжіліс залында өткен жиынға мемлекеттік қызметкерлер мен жергілікті мұғалімдер ғана қатысқан. Жергілікті ақсақал ауылға енді ғана келген әкімге бата сұрған комиссияның бетін қайтарып тастады. Ауыл жұрты үшін маңызды мәселе көтеріліп жатқанда, аудан әкімі Талғат Байеділов Шырғанаққа бармай, бәрін сырттан бақылап отырған.
Бұл туралы Шырғанаққа арнайы барған журналист Ришат Асқарбекұлы көзбен көргендерін баяндап, әлеуметтік желіде пікірін қалдырды. Ол «Батасыз қайтқан комиссия» деген жазбасында аудан әкімі туралы « Үсті-басын қағып сілкіп, бетпердесін тағып мұнтаздай болып отырған Кеген ауданы әкімін даладай кабинетінен таптық. Сырттан саясатты жақсы жүргізеді екенсіз, бірақ халық үніне құлақ асатын мемлекеттің сарбаздары халықпен бірге жүруі керек емес пе?! Басыңыздан бір дау айырылмады ғой....»,- деп көпшілікке үн қатты.
АЙМАҚ БАСШЫЛАРЫ ӘЛІ ҮНСІЗ, НЕГІЗІ АҚИҚАТЫН АЙТУЫ КЕРЕК ЕДІ....
Ақпарат саласында өзіндік орны бар inbusiness.kz ақпарат агентігінің «Шырғанақтың тұрғындары әкімін қайтаруды сұрайды» деген материалы жарияланып жатқан кезде, ауданға барған комиссия шешімін шығарып, облыс орталығына жолға шығып кеткен болатын. Алайда бұл Кегендегі алғашқы дау емес, соңғы жылдары болған шудың бір парасын жоғарыда атап өттік. БАҚ та, әлеуметтік желіде де жоғарыдағы мәселелер жан-жақты жазылды. Алайда Баталов мырза Кеген ауданы басшысына қатысты мәу деп, пікір білдірген жоқ. Ал Кеген ауданы басшылары БАҚ-тағы жазылғандарға үн қатпады. Білуімізше жоғарыда ауданда Алмас Сейітқазы есімді баспасөз хатшысы бар. Алайда БАҚ-пен байланысқа жауапты маман өз міндетін атқарып, бұл жазылғандар бұрыс, дұрысы міне, деп ақпарат та таратпады.
Бірақ бұл мәселеге орай облыстық «Жетісу» газеті де үн қосып, аймақ атқамінерлерінің позициясын білдірді. «Әкімге қатысты дау: Кегендегі күйіп-піскен мәселені комиссия тексерді» атты мақалада комиссия өкілінің пікірін беріп, «Сайлау ҚР заңнамасындағы барлық талапқа сәйкес өткізілген. Десе де, ауыл үлкендері Сарыбаев Ернар Санақбайұлын халық мүддесіне аянбай тер төгеді деп сенім білдіріп отыр. Сенімге селкеу түсірмей, көп үмітін ақтау - жас әрі жаңа әкімнің алдағы басты міндеті болып қала береді», деп жазды. Сондай-ақ, облыстан келген тексеру тобы желіде тараған жазбаның шындықпен жанаспайтынын айтып, ауыл әкімін сайлау заң талабына сай өткенін мәлімдегенін хабарлаған.
Ауыл тұрғындары наразылықтарын Үкімет пен Мемлекет басшыларына жолдағанымен жоғарыдан да реакция байқалмайды. azattyq-ruhy.kz сайтының хабарлауынша ауыл тұрғындары осы саяси науқанға жауапты болған аудан әкімі, мәслихат хатшысы және аудандық сайлау комиссиясының төрағасын сотқа беру туралы мәселені жақын күндері шешетінін айтыпты.
Шырғанақтықтардың шырқын бұзған оқиғаға байланысты ауыл жұрты «Жергілікті өзін өзі басқару туралы» заңның 36-бабы бұзылды деген пікірде. Ауыл ақсақалдары мен аналар кеңесі және жастар ұйымдарынан құрылған Қоғамдық кеңес ауыл әкімін жұмыстан босатып, тиісті кандидаттарды тіркеуге рұқсат бермегенін айтады. Аталған заңның осы бабы бойынша ауылдық округі әкімі лауазымына кандидаттар ұсыну үшін облыс әкімі мен ауылдық Қоғамдық кеңестің жазбаша келісімі хаттама жүзінде тіркелуі тиіс болған.
Десе де ауыл тұрғындары наразылықтарын әлі де әлеуметтік желі бетінде білдіріп жатыр. Қызығы тұрғындар жазған әр жазбаның астына аудандағы бюджеттік қызметкерлер аудан әкімі мен басшылықты «қорғап» пікір жазуға кіріскен. Кейбір пікір қалдырушылар өз наразылықтарын білдірген Шырғанақ тұрғындарын «арандатушылар» деп айыптап үлгерді. Бұған кейбір желі қолданушылары «Кегенде де боттар бар екен» деп таңданыстарын жасырмады.
Бұл мәселеге белгілі журналистер мен блогерлер де үн қосты. Белгілі журналист Жарас Ниязбек әлеуметтік желіде «Мықтыны мықты деу керек! Рас, Кеген Ауданының әкімі Талғат Байедилов мықты. Бір жыл бұрын көзім жеткен. Аудандағы жайылым, шабындық жерлерді орынбасары басқарған жер комиссиясы арқылы өзара бөліске салып, халық наразы болып, БАҚ өкілдері араласып біраз шу болған. Үлкен қаладан, облыс орталығынан шалғай жатырмын деп өз білгенін істейтін шығар. Бірақ қазір қанша блатной, крутой, мықты болсаң да халықтың көзі ашылып келеді. БАҚ та сергек, ауданды тексеру керек»,- деп пікір білдірген.
Журналист Динара Мыңжасарқызы бұл мәселеге мән беру керегін айтса, блогер Бауыржан Карипов «Саяси реформа басталмай жатып Алматы облысының әкімдігінде айқай-шу. Халық қалаған әкімін сайлай алмай отыр. Мәслихаттың шешіміне наразы. Бұл жағдай Алматы облысы әкімі Амандық Баталовқа абырой әпермейтіні анық. Ең алдымен, мемлекеттік қызметте жоқ, халықтың ішінен шыққан мәслихат депутаттары халық үніне құлақ аспаса, Президентке хат жазбағанда қайтеді? Жазсын! Жерлестері ғой», деп жазды.
«РЕФОРМАНЫ ТЕЗДЕТЕЙІК!» АУЫЛ ӘКІМДЕРІН ХАЛЫҚ САЙЛАУЫ КЕРЕК
Айта кету керек, өткен жылы қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында ауыл әкімдерін сайлау мәселесіне ел назарын аударды. Соған сәйкес биыл 786 ауылда әкімдердің өкілеттігі аяқталып, тұғындар атынан дауыс беріп, ауыл әкімдерін сайлау мүмкіндігі туады. Негізі елімізде ауыл әкімдерін сайлау алғаш рет 2014 жылы өтті. Одан кейін ең ауқымды науқан 2017 жылы болды. Ол кезде республикада 1416 ауыл әкімін ауыл халқының атынан жергілікті мәслихаттар сайлады. Бірақ Алматы облыыс Кеген ауданы Шырғанақ ауылындағы оқиға көрсеткендей, Мәслихат таңдауы халық таңдауымен ұштасып жатқан жоқ. Сондықтан мемлекет басшысы айтқан «ауыл әкімдерін халық өзі таңдауы керек» деген бастама тезірек жүзеге асып, реформа жеделдеуі тиіс.
7kun.kz, Алматы облысы
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024