Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Теңге девальвациясының тарихы

Теңге девальвациясының тарихы

26 сәуір күні Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтті. Аталған жайт осыған дейін теңгенің құнсыздануымен тығыз байланыстырылып келді. Кейбір шетелдік қаржы ұйымдары сайлаудан кейін Қазақстанда девальвация болады деп болжам жасады, ал кейбір отандық сарапшылар, мәселен, Данияр Әшімбаев мұндай қадамға баруға ешқандай себеп жоқ деп мәлімдеді. Saxo Bank басшысы Ларс Сейер "Қазақстан девальвация алдындағы үрейді жеңуі керек" десе,  ресейлік «Жоғарғы экономика мектебі» біздің банк жүйеміз 35%-дық теңге девальвациясына дайын емес деп зерттеу қорытындысын жариялады.

Алайда, бүгін Нұрсұлтан Назарбаев "сайлаудан кейін ешқандай девальвация болмайды" деп мәлімдеме жасады және теңгенің еркін құбылмалы бағамға жіберілуі мәселесі қарастырылып жатқанын атап өтті.

7kun.kz осы тақырыпқа байланысты тәуелсіздік жылдары теңге құнының долларға шаққанда қалай өзгеріп отырғанына шағын шолу жасап, назарларыңызға ұсынады.

Төменде келтірілген график 1993-2014 жылдар аралығында теңгенің долларға шаққандағы бағамының өзгеруін көрсетеді. Әр жылдың тұсында сол кездегі ұлттық валютамыздың 1 АҚШ долларына қатысты алғандағы құны белгіленген.

post7Kun copy

Графикті анықтап қараған оқырман теңгенің өз тарихында төрт рет күрт арзандап кеткенін көре алады. Әрқайсысына жеке тоқталып өтсек.

1994 жыл

Теңгенің арғы-бергі тарихтағы ең құнды кезі 1993 жылы тіркелді: 1 АҚШ доллары 4,7 теңгені құрады! Ұлттық валюта күні болып белгіленген 15 қарашадан бастап бір жарым ай шамасындағы уақыт ішінде осы бағам сақталып тұрды. 1994 жылдың қаңтарында теңге 10 есеге жуық қымбаттап кетті. Алайда, жылдам өткендіктен, елде доллар аз болғандықтан, әрі жаңа ақшаға бәрі бірдей үйреніп үлгермегендіктен, бұл девальвацияның ауыртпалығын халық сезіне қойған жоқ.

1999 жыл

Девальвация деген бұрын онша таныс емес сөзді елдің бәрі жаттап, нағыз жақын танысқан тұсы - 1999 жыл. 4 сәуір күні сол кездегі премьер-министр Нұрлан Балғымбаев пен Ұлттық банк төрағасы Қадыржан Дамитов теледидардан халыққа теңгенің еркін айналымға жіберілетінін туралы хабарлады. Келесі күні таңертең бір күн бұрын шамамен 88 теңге тұрған доллар 150-160 теңге деңгейіне бір-ақ шықты. Тамыз айында жағдай реттеліп, 1 АҚШ доллары 130-135 теңге деңгейінде тұрақталды.

Үкімет мұндай қадамға отандық экспортшыларды қолдау және теңгені ұстап тұруға кетіп жатқан Ұлтты банк шығындарын қысқарту үшін бардық деп мәлімдеді. Алайда, сол жылдары елде өндіріс өнеркәсібі құлдырып, жұмыссыздық артты. Оның үстіне мұнай бағасының құлдырауы, Азия қаржы дағдарысы, ресейлік рубль дефолты жағдайды күрделендіре түсті.

2009 жыл

2009 жылдың 4 ақпанын көп адам ұмыта қойған жоқ шығар. Қаржысын теңгемен ұстағандар 25%-ға бір сәтте кедейленіп қалды. Сол кездегі Ұлттық банк төрағасы Әнуар Сәйденов "ешқандай девальвация болмайды" деп кесіп айтты, алайда оның орнына Григорий Мраченко келген соң, 4 ақпан күні бірнеше сағаттың ішінде айырбас пункттеріндегі доллар құны 120 теңгеден 170-ке бір-ақ көтеріліп барып, 150 теңге деңгейіне қайта түсіп, тұрақталды.

Марченко мұнай бағасының түсіп кеткендігі, Қазақстанмен сауда-саттық бойынша серіктес елдердің ұлттық валюталарының құнсыздануы, ел ішіндегі валюта тұрақтылығын сақтауға кетіп жатқан алтын-валюта қорының шығыны туралы дәлелдер келтіріп, аталған девалвьацияны ақтап алуға тырысты.

2014 жыл

Өткен жылдың "қара ақпаны" ел азаматтарының табысын 20%-ға азайтты. 1 АҚШ доллары рекордтық 185 теңге болды, тіпті кейбір жерде 200 теңге деп те көрсетіп қойғандар табылды. Мұндай жағдай тіпті қаржы сарапшыларының өзі үшін күтпеген жағдай болды.

Ұлттық банк елдегі экономика мен қаржылық жағдай тұрақсыздығына жол бермеу үшін осылай жасауға мәжбүр болдық деп мәлімдеді.

Жалпы алғанда 1993-2014 жылдар аралығында теңгенің долларға шаққандағы құны шамамен 40 есе арзандаған екен.

Похожие материалы