Британ парламенті Еуроодақтан шығу процесін ресми түрде бастардың қарсаңындағы пікірталасқа аз қалғанда бұрынғы премьер-министр Тони Блэрдің сайлаушыларға «одақтан шығу мәселесін тағы бір рет ойланыңдар» деп үн қатуы «Жалаңаш король» ертегісіндегі көріністі еске түсіреді.
Блэр қазір халық қолдайтын тұлға болмаса да, дауысы Ганс Христиан Андерсеннің ертегісіндегі баланікі сияқты қатты шығатыны сондай, ол премьер Тереза Мэйге «айналаңдағы жарамсақтар Британияның болашағын ойынға айналдырып жатыр» деген ойды жеткізе алады.
Оның Брекзитке қатысты пікірталасты қайта бастау туралы ұсынысына тіпті объективті саналатын ақпарат құралдарының өршелене қарсылық білдіруі Блэрдің сөзінің қаншалық маңызды болғанын аңғартады. ВВС-дің сипаттауы бойынша, «біреулер Тони Блэрдің Брекзит бүлігін қолға қаруға шақыру деп ұғынуы мүмкін».
Референдумнан кейінгі Британиядағы көпшіліктің тираниясы Еуроодақта қалуды жақтайтындардың жаңа дебат бастау туралы ұсынысын бүлік деп қарастырады. Үкіметтің Брекзитке қатысты саясатына күмәнмен қараған кез келген адам «халық жауы» саналып, «оның сатқындығы қантөгіске әкеледі» деген ұғым қалыптасқан.
Бұл кенеттен болған паранойяның төркіні неде? Қалыпты демократия үшін саяси оппозиция өте қажет, 2014 жылғы референдумда он пунктқа артта қалып қойса да шотланд ұлтшылдарының тәуелсіздік жолындағы күресті жалғастырғаны сияқты, тіпті референдумда жеңілген күннің өзінде еуроскептиктер Еуропаға қарсы әрекеттерін тоқтатпас еді. Дональд Трамптың Америкадағы қарсыластары күш біріктіруді, наразылық білдіруді доғарады дегенге де ешкім илана қоймайды.
Брекзиттің айырмашылығы – өткен маусым айындағы референдум Британиядағы демократияны екі бірдей жымысқы әдіспен азғырды. Біріншіден, Еуроодақтан шығуды жақтағандар көбіне Еуропаға түк қатысы жоқ өкпе-реніш негізінде дауыс берді. Екіншіден, үкімет бұл аласапыран уақытты ойына келгенін істеп қалуға пайдаланды.
Референдумнан алты ай бұрын сайлаушылар Еуроодақты Британияның алдында тұрған ең ауыр мәселелердің ондығына да қоспаған. Иммиграция бұл мәселелердің ең басында тұрғаны рас, дегенмен, Блэр өз сөзінде атап өткеніндей, иммиграцияға қарсылар Еуропа одағына еш қатысы жоқ көпмәдениетті иммиграцияға қырын қараған. Ал Еуроодақтан шығуды жақтағандар аймақтар арасындағы ала-құлалық, экономикалық теңсіздік, әлеуметтік құндылықтар, мәдени өзгеріс сияқты түрлі құбылыстарға наразылардың «Пандора жәшігін» ашу стратегиясын қолданды. Одақта қалуды жақтағандар бұған мүлде жауап қайыра алмады, себебі олар сайлау бюллетенінде тұрған мәселеге ғана тоқталып, Еуропа одағына мүшеліктің артықшылықтарын тізбелеуден ары аспады.
Референдум соншалық аморфты, бірақ наразылардың бәрін қамтитын оқиға болғаны – оның саяси тұрғыда ірітуші екендігінің екінші айқын көрінісі. «Еуроодақтан шығу» науқаны билікке деген өкпе-реніштің алуан түрін қамтығандықтан, Мэй қазір референдумды өзіне берілген шексіз мандат деп түсінеді. Консерваторлар ұсынған даулы бастамалар, атап айтқанда, корпоративтік салықты азайту, дерегуляция, халыққа ұнамайтын инфрақұрылым жобалары мен әлеуметтік қорғау реформасы мәселелері бойынша ұстанымын дәлелдеудің орнына Мэй бұл саясатты «Брекзитті сәтті орындаудың» ең қажетті шарты ретінде көрсетуге тырысып отыр. Мұнымен келіспеген кез келген адам қарапайым сайлаушыны сыйламайтын элиташыл адам деп кемсітіледі.
Бұдан да сорақысы – Брекзиттің айқын қатерлері «қоршауда қалғандай» сезім туғыза бастады. «Сәтті Брекзит» ұлтты құтқарудың бір жол ретінде қарастырыла бастады, соның кесірінен үкіметтің келіссөз жүргізу мүмкіндіктерін шектеу туралы мардымсыз ұсыныстардың өзіне (мәселен, қазір Британияда тұрып жатқан Еуроодақ елдері азаматтарының құқықтарын қорғау туралы ұсыныстар) саботажбен жауап беру басталды.
Соғыс уақытындағы сияқты кез келген сыни пікір сатқындыққа баланады. Содан да негізгі оппозиция – Лейбористік партия тіпті визасыз саяхат, фармацевтикалық сынақ, ғылымды қаржыландыру сияқты көп дау тудырмайтын мәселелердің өзінде Мэйдің Брекзит бойынша қатаң жоспарын босаңсытуға әрекет жасамады.
Соғыс кезіндегі сияқты кез келген сыни пікір сатқындыққа баланады. Сондықтан да, басты оппозиция – Лейбористік партия Т.Мэйдің қатаң Брекзит жоспарын жұмсартуға, тіпті визасыз сапар, фармацевтикалық сынақ, ғылымды қаржыландыру сияқты жоспарлар бойынша оған қарсы шығуға тырыспады. Сол сияқты Британияның кішірек оппозициялық партияларының Еуроодақтан шығуға қатысты тағы бір референдум өткізу туралы амбициялық ұсыныстары, тіпті Еуропаға шын берілгендердің арасында онша қолдау таппады.
Өткен айда Т.Мэйдің келіссөз әдісіне күмәнмен қарағаны үшін қызметінен кеткен Ұлыбританияның Еуропа одағындағы тұрақты өкілі сэр Иван Роджерс Британия мен Еуропаның ажырасуы «ауыр әрі ашы болады» деді. Бірақ бұл – қашып құтыла алмайтын нәрсе емес. Блэр ұсынған бағыттан әлдеқайда конструктивті мүмкіндіктің есігі ашылып тұрған сияқты. Мэйдің қатаң ұстанымын өзгертуге бос тыраштанғанша, Британияның Еуропамен қарым-қатынасы туралы рационалды пікірталасты қайта бастап, қоғамды мұндай пікірталас демократиялық тұрғыдан легитимді екеніне сендіру керек.
Бұл – референдум демократиялық саясаттағы басқа барлық механизмдерден жоғары тұрады деген пікірге қарсы шығып, сайлаушыларды «референдум белгілі бір жағдайда және белгілі бір уақытта белгілі бір сұрақ қоятындай мандат береді» дегенге сендіруге тырысу. Егер шарттар өзгерсе, немесе референдумдағы сұрақтың мағынасы өзгерсе, онда сайлаушылардың көзқарастарын қайта өзгертуіне мүмкіндік берілуі керек.
Демократия түсінігіне қайта үңілу процесі алдағы бірнеше аптаның ішінде басталуы керек. Бұған қазір парламентте талқыланып жатқан Брекзит туралы жаңа заңның қабылдануы түрткі болмақ. Ондағы мақсат – Британия мен Еуроодақ арасындағы қарым-қатынасты тек Парламентте дауыс беру жолымен ғана реттеуге болады деген ережені енгізу. Ал бұл Еуроодаққа мүшелікті сақтап қалуға мүмкіндік береді. Егер үкімет алдағы екі жыл ішінде Парламентке жаңа ыңғайлы шарттарды көрсете алмаса, онда қазіргі жағдай статус-кво ретінде қалып қоюы керек. Бұл қазір үкімет алға тартып отырған «біздің ұсынысымызды қолдайсың, немесе Еуроодақтан ешқандай шартсыз-ақ шығып кетеміз» деген Гобсон жоспарынан бас тартуға жол ашады.
Мэйдің айтуымен Еуроодақтан толығымен шығып кеткеннің орнына Еуропамен жаңа қарым-қатынас мәселесін Парламенттің құзырына қалдыру – парламенттік егемендіктің жаңа принципі болмақ. Ең маңыздысы – бұл Еуроодаққа мүшеліктің артықшылықтары мен кемшіліктері туралы жаңа саяси пікірталасты бастауға негіз болады, бұл үкіметтің Брекзит жоспарына қатысты екінші референдумға себепкер болуы мүмкін.
Сондықтан да Мэй Брекзит келіссөздері бойынша парламентке қандай да бір артықшылық беруге үзілді-кесілді қарсы болып отыр. Бәлкім ол наурызда қабылданатын Брекзит туралы заңға осындай қосымша енгізілуіне қарсы болатын шығар. Бірақ, бұл маңызды емес, себебі егер Брекзитке қатысты нағыз пікірталас басталып кетсе, демократия Т.Мэйдің оны тоқтатып тастауына мүмкіндік бермейді.
Автор туралы: Анатоль Калецкий - Gavekal Dragonomics-тің бас экономисі және тең төрағасы, «Капитализм 4.0, жаңа экономиканың тууы» еңбегінің авторы.