Алматы. 2 шілде. 7kun.kz – Елордада АХҚО Соты және Халықаралық төрелік орталығы ғимараты ашылды. Оған ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.
«Бүгін біз тарихымыздың жаңа бөлімін ашып отырмыз. АХҚО судьялары өте маңызды рөл атқарып, әділдік пен шыншылдықтың символы болып қалады. Бүгінгі шараны Қазақстан тарихындағы беделді төреші Төле би атындағы залда өткізуіміз де тегін емес. АХҚО сотының төрағасы Лорд Вульфке және Халықаралық төрелік орталығының төрайымы Барбара Доманнға және АХҚО сотының бас жетекшісіне аталған сот пен орталықты ашуға қосқан үлесі үшін ерекше алғыс айтамын. Толағай табыс тілеймін. Және АХҚО соты мен Халықаралық төрелік орталығын ашық деп жариялаймын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының пікірінше, Қазақстан реформалардан қорықпайды, бұрынғы Кеңес Одағының аумағында алғаш рет ағылшын құқығы енгізіледі, ол бұдан кейін жалпы қазақстандық сот төрелігі жүйесімен қатар жұмыс істейтін болады.