Банк секторының қатысушылары Ұлттық банктың базалық мөлшерлемені 15%-ға дейін төмендету туралы әрекетіне қатысты баға берді. Халық банкі басқарма төрағасының орынбасары Ертай Салимов реттеуіш екінші жартыжылдықта негізгі индикаторды тағы да төмендетеді деген пікірде деп жазады LS.
"Мен Ұлттық банктың базалық мөлшерлемені 15% деңгейінде қалдыру туралы шешімін позитив қадам деп білемін. Ұлттық банктың базалық мөлшерлемені төмендететіндігі анық еді, белгіленген мөлшерде біз күткеніміздей болып шықты", -деп атап өтті Салимов."Асыл-Инвесттің" атқарушы директоры Нұрлан Рахымбаев те базалық мөлшерлеме алдағы уақытта да азая түсуі мүмкін деген пікірді ұстанады.
"Мұнай бағасы біртіндеп қалпына келе жатыр, девальвациялық және инфляциялық күтулер де әлсірейді. Экономиканың теңгелік өтімділікке тапшы екендігіне қарамастан оның арзандауы да реттеуіш тарапынан дұрыс қадам. Менің ойымша, Ұлттық банк мұнай бағасы мен америкалық доллар курсын бақылап отырады. Алдағы 3 айда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендетуге қатысты тағы да әрекет жасауы мүмкін", -деп есептейді ол. ВТБ Қазақстан сарапшылары базалық мөлшерлемені 2%-ға төмендету қаржылай тұрақсыздық қауіптерін белгілі бір деңгейде төмендетеді деген пікірде.
Еске салайық, осыған дейін 5 мамырда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені +/- 1% дәлізімен 15%-ға дейін төмендеткен еді.