Экономика
Ұлттық банк базалық мөлшерлемесін 17% деңгейінде белгіледі
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі ақша-несие саясаты жөніндегі техникалық комитеттің 2016 жылғы 30 қаңтардағы шешімімен 2016 жылғы 2 ақпаннан бастап базалық мөлшерлемені 17% деңгейінде белгіледі және +/- 2 пайыз болатын пайыздық мөлшерлемелердің симметриялық дәлізімен тұрақты қолжеткізу операцияларын қайта жандандырады. Бұл туралы банк баспасөз қызметі хабарлады.
Өтімділікті беру жөніндегі тұрақты қолжеткізу операциялары бойынша мөлшерлеме 19%-ды және өтімділікті алу жөніндегі тұрақты қолжеткізу операциялары бойынша мөлшерлеме 15%-ды құрайды.
Базалық мөлшерлемені белгілеу жөніндегі шешім макроэкономикалық көрсеткіштерді (ІЖӨ, инфляция) де, микроэкономикалық көрсеткіштерді (банктердің өтімділігін болжау) де болжау жүйесін жақсарту жөніндегі алдын ала жүргізілген талдау жұмысына негізделді және оны белгілеу теңгенің еркін өзгермелі айырбастау бағамының толыққанды режимі қалыптастырылғаннан кейін мүмкін болды.
Соңғы айларда Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүйелі түрде ақша нарығындағы ахуалды тұрақтандыру шараларын қабылдауда. Бұл шешім Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ақша-несие саясатын жетілдіру жөніндегі жұмысының жалғасы болып табылады және ол бірінші кезектегі міндеттерді орындауға, атап айтқанда қаржы секторының тұрақтылығын қамтамасыз етуге, ұлттық валютаға деген сенімді қалпына келтіруге және теңгенің қисық кірістілігін қалыптастыру үшін алғышарттар жасауға бағытталған. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің іс-қимылы теңгеге және банк секторына деген сенімді нығайтуға, сондай-ақ салымшылардың теңгемен ашылатын депозиттерді таңдауына бағытталатын болады. Депозиттерге қатысты саясат бұрынғысынша салымшылардың құқықтарын қорғау қағидаттарына негізделеді.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі әлемдік бағалар мен іргелі факторлар серпіні ескеріле отырып, шетел валютасына деген сұраныс пен ұсыныс негізінде қалыптасатын теңгенің еркін өзгермелі айырбастау бағамының режімін ұстануды жалғастырады. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің базалық пайыздық мөлшерлеме жөніндегі кезекті шешімі 2016 жылғы 14 наурызда жарияланатын болады.
Фото: kursiv.kz