«Коллекторлық қызмет туралы» ҚР Заңы қарыз алушылардың құқығын қорғайды. Ұлттық банк әзірлеген нормалар қарыз алушылар құқықтарының кредиторлар борышты өндіріп алуы кезінде бұзылу тәуекелдерін айтарлықтай төмендетеді. Бұл туралы реттеушінің баспасөз қызметі хабарлады.
Заң жобасы осы нарықта ашық, өркениетті құқықтық аяны құруды болжайды. Мәселен, мемлекетте коллекторлық агенттіктердің қызметін реттеу өкілеттіктері пайда болады, ал борышкерлер кредиторлардың талаптарына қатысты дауласа алады.
ҚР Ұлттық Банкі Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасының бастығы Александр Терентьевтің айтуынша, коллекторлық қызметтер нарығындағы ахуал айтарлықтай күрделі. Мәселен, Азаматтық кодекске сәйкес кредиторға міндеттемелер негізінде тиесілі құқықты ол мәміле бойынша басқа тұлғаға бере алады немесе заңнамалық актінің негізінде басқа тұлғаға өтуі мүмкін. Бұл ретте әдетте борышкердің келісімі талап етілмейді. Оның үстіне дәстүрлі түрде бастапқы кредитордың құқығы жаңа кредиторға толық көлемде және сол талаптармен өтеді.
Ұлттық банк өкілі атап өткендей, қарыз алушыларда бүгінгі күні бірнеше негізгі тәуекел бар.
Біріншіден, талап ету құқықтарын беру кезінде банктердің қарыз алушылары уәкілетті органның реттеу аясында болған кездегі қорғалу дәрежесінен айырылады. Қарыз алушылар қаржылық қызметтерді тұтынушының мәртебесін жоғалтады, бұл олардың қарыз алушыларды қорғау үшін күшейтуге бағытталған, жүйелі негізде қайта енгізілетін құқық нормаларын пайдалану құқығын жояды.
Екіншіден, бүгінгі нарықта борышты өндіріп алатын ұйымдар қызметінің құқықтық негіздері және уәкілетті бақылаушы орган жоқ. Бұл коллекторлардың айқын емес қызметі үшін жағдайлар жасайды және берешекті өндіріп алудың заңға қарсы және этикаға жатпайтын тәсілдерін қабылдауды жоққа шығармайды.
Үшіншіден, борышкерлерді жаңа қарыз шарттарын не кредиторға қатысты бұрын қолданылған шектеулерді алып тастайтын талаптармен жаңа, тиімсіз қосымша келісімдер жасауға мәжбүрлеу тәуекелі бар.
Ұлттық Банк өкілінің айтуынша, бұл тәуекелдердің барлығы борыштарды өндіріп алу сияқты қоғам үшін маңызды азаматтық-құқықтық қатынастардың құрамдас бөлігін реттемеудің салдарынан болады. Ал бұл, өз кезегінде, теріс салдарларға және экономикалық қатынастарды тұрақсыздандыруға әкеледі.
"Кәсіби негізде мерзімі өткен борыштармен жұмысты реттеу қалыптасқан жағдайда жалғыз өркениетті жол болып табылады. Бұл кредиторларға өзінің негізгі қызметімен айналысуға, ал қарыз алушыларға шартта бастапқы кезде белгіленген құқықтары мен міндеттерін сақтауда сенімді болуға мүмкіндік береді. Нормалар борышкерлерді коллекторлардың оларды кемсітетін жаңа енгізулерінен қорғайтын болады. Сондықтан бүгін борышты өндіріп алушылардың қызметін реттейтін заңды қабылдау үшін қажеттілік туындады", - деп атап өтті А.Терентьев.
Мәселен, барлық дамыған елдерде борышты өндіріп алушы ұйымдар іскерлік қоғамдастықтың ажырамас бөлігі болып табылады. Олардың қызметтерін көптеген компаниялар, оның ішінде қаржы құрылымдары, телекоммуникациялық және басқа ұйымдар пайдаланады.
Жаңа заң жобасына сәйкес, нарықты мемлекеттік бақылау мыналарды қамтиды. Ең алдымен, ЖШС ретінде коллекторлық қызметтің ұйымдық-құқықтық нысанын бекіту, сондай-ақ коллекторлық агенттік түрінде оның мәртебесін белгілеу ұсынылады. Заң жобасы сондай-ақ барлық коллекторларды есептік тіркеуді және бірыңғай тізілімін жүргізуді көздейді.
Коллекторлық агенттікті реттеу есептік тіркеу, есептілікті беру, олардың коллекторлық қызметті жүзеге асыру қағидаларын орындауын тексеру арқылы жүзеге асырылады.
"Заң жобасында коллекторлардың борышкерлермен өзара іс-қимыл жасау тәртібін белгілеу, борышкердің коллекторлық агенттіктің талаптары бойынша дауласу, сондай-ақ коллектордың жосықсыздығына шағыммен уәкілетті органға жүгіну құқығының бекітілуі маңызды болып табылады", - деп атап өтті А.Терентьев.
«Оның үстіне, реттеушіге шектеулі ықпал ету шаралары мен санкциялардың көмегімен коллекторларды олардың қызметіндегі бұзушылықтар үшін жазалау өкілеттіктері беріледі. Сонымен бірге, заңсыз коллекторлық қызмет үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі», - деп хабарлайды Ұлттық Банктің өкілі.
«Осылайша, заң жобасын қабылдау борышкерлердің жағдайын жақсарта түседі, реттеушінің борыштарды өндіріп алудың үздіксіз процесіне қатысуын сақтап қалады, борышкерлердің құқықтарын қорғау талаптарын ескере отырып, борыштық мәселелерді шешу нарығын тұрақтандырады және стандарттайды», - дейді Ұлттық Банк өкілі.
Сондай-ақ, А. Терентьев айтып өткендей, коллекторлардың қызметін кешенді құқықтық реттеу Қазақстанда коллекторлар қызметтерінің айқын және өркениетті нарығын құруға көмектеседі.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024