Уоррен Баффет - бизнес, қаржы саласындағы ірі инвесторлардың бірі. Ол Forbes журналының рейтингі бойынша әлемдегі ең бай адамдардың қатарында үшінші орынды иемденеді. Бизнесменнің басты инвестициялары Coca-Cola, American Express, IBM, Wells Fargo, Wall Mart компанияларына жасалған. Оның мүлкі 78,5 миллиард долларды құрайды. 86 жастағы Уоррен Баффет өзге кәсіпкерлерден күнделікті тұрмысының қарапайымдылығымен ерекшеленеді. Достарының, әріптестерінің арасында әрі үнемшіл ретінде танылған кәсіпкердің өмірі, еңбек жолы жайлы біраз кітаптар, мақалалар да жазылған. Оның қаржы, инвестиция саласына қатысты кеңестерін отандық кәсіпкерлеріміздің, жас инвесторларымыздың біліп жүргені абзал.
- Алғашқы қадам жасаудан қорықпаңыз
Егер жас кәсіпкер болсаңыз, тәжірибесі мол мамандардан ақыл-кеңес сұрауға қысылмаңыз. Бойыңыздағы батылсыздық пен үрейді жеңіп, әлемнің үздік бизнесмені немесе инвесторының бірі болуға ұмтылыңыз. Алғашқы кезде ірі активтеріңіз болмаса да, өз ісіңізді жарты жолда тастамаңыз. Уақыт өте келе капиталыңыз көбейгенде, армандаған жобаларыңызды жүзеге асырасыз. Сәтсіздікке ұшырадым деп кәсібіңізді аяқсыз қалдыру бұрыс шешім. Бизнесте сәтсіздік қалыпты құбылыстардың бірі. Сәтсіздік пен қателіктеріңізді тағы бір белесті бағындыруға берілген мүмкіндік ретінде қабылдаңыз. Уоррен Баффет 1962 жылғы Berkshire Hathaway тоқыма компаниясынан сатып алған сәтсіз акцияларын еске алып, оны өміріндегі “200 миллиардтық қателік” деп атаған. Дегенмен кәсібін дер кезінде өркендеткен инвестордың акциялары бүгінде әлем бойынша ең құнды акциялардың бірі саналады. Уоррен Баффет сұхбаттарының басым көпшілігінде кәсіпке көңіл бөлместен бұрын адам өз-өзін рухани және физикалық түрде ретке келтіру керектігін бірнеше рет ескерген. Адамның табысқа кенеліп, мақсатына жетуі үшін өзінің тиімділігін арттыруға міндетті. Сондай-ақ, кәсіпкер болғандықтан, қаржылық сауаттылығыңыз жоғары болуы керек. Бухгалтерия - бинестің тілі. Қаржылық есеп-қисапты түсініп үйренгеніңіз абзал.
- Акцияларыңызды ұтымды пайдаланып үйреніңіз
Уоррен Баффет кітаптарында акцияларды дұрыс пайдаланудың тәсілдерін көрсетті. Оның пікірінше, үздік инвестициялаудың құпиясы - акцияларды дер кезінде сатып алып, оларды ақылмен ұтымды пайдалана білуде. Акция қолдану мерзімі шексіз бағалы қағаздар. Оны тиімді пайдаланудың өзі шеберлікті талап етеді. Соңғы 35 жылдың ішінде У. Баффет компанияларындағы акция құнының бастапқы соммасын 100 мың доллардан 200 000 пайызға көтерген. Оның мүлкінің 99 пайызы Berkshire Hathaway компаниясын қаржыландыруға бөлінеді. Инвестордың акцияға байланысты айтқан пайдалы кеңестерін есіңізде сақтаңыз. Біріншіден, жаныңызға жақын, өзіңізге ұнайтын өнімді қаржыландырыңыз. Кәсіпкер кезінде Gillette компаниясының ұстараларын жақсы көрген соң, оның тоғыз пайыздық акцияларын сатып алып, компанияның да, өзінің де мүлкін жақсартты. Екіншіден, егер белгілі бір компанияның акция бағамы өте жоғары немесе өте төмен болса, оны иеленуге асықпаңыз. Мысалы компания директорлары белгілі бір акцияларды сатып алар кезде оның бағамына қарағанда құндылығына мән береді. Сіздің акцияңыз компания жұмысын тоқтатқан күннің өзінде 10-15 жылдай мерзімде өзіңізді қаржыландырып тұруы тиіс.
- Жұмыс тәжірибесі мол компаниялармен серіктестік орнатыңыз
Уоррен Баффеттің меншігіндегі компанияларға назар аударсаңыз, ең жас холдингтің өзі 1962 жылы құрылғандығын байқайсыз. Кәсіпкердің сөзінше, жұмыс тәжірибесі мол, тарихы тереңнен тамыр тартатын компаниялармен серіктес болу - жас инвестор үшін қолайлы мәміле. Сонымен қатар тұтынушының көңілін тауып, өз қызметін бірнеше он жылдықтар бойы атқарып келе жатқан компания мен инвестор арасында келіспеушіліктер, түсініспеушіліктер көп туындамайды. Біздің ғасырымыз инновациялық технологиялардың дамыған дәуірі. Заман талабына сай қоғамның технологияға, тұрмыстық өнімдерге қызығушылығы жыл сайын өзгеріп отыратындығы белгілі. Ал нарықтағы компаниялардың барлығы қоғам сұранысына бірдей жауап бере бермейді. Олар бір-бірімен бәсекеге түскен жағдайда тәжірибесі аз компаниялар шығынға ұшырап жатады. Компания өнімдерінің сапалығына көңіл бөліңіз.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024