Экономика
IT, Технология
Виртуалды шлем қолданылатын қазақша ойын жасалды
Алматы қаласында қазақ тіліндегі виртуалды шындық әдісін қолдана отырып бірінші әлеуметтік жоба ашылды. Жаңа ойынның аты - "Таза жол таңда". Мақсаты - жасөспірімдер мен жастардың арасында салауатты өмір салтын насихаттау.
Ойынның ерекшелігі ВИЧ-инфекциялар және олардан қорғану туралы виртуалды тілде айтып береді. Себебі, бүгінгі таңда жастар арасында бұл мәселе белең алып барады. Ойынды жасаушылар жастардың ВИЧ туралы құр сөзді оқығаннан, ойын барысында виртуалды сезінгені дұрысырақ дейді.
Осылайша, ойын барысында бас кейіпкер түрлі жағдайларды басынан өткереді. Мұның барлығы бұрын-соңды баламасы жоқ виртуалды шындық әсерін беретін Oculus Rift шлемінің көмегінен жасалады. Шлем кейіпкерге жан-жағына қарауға және сезінуге мүмкіндік береді. Сондықтан, шлем мен құлаққапты киген соң адам бірден басқа әлемге еніп кетеді. Ойын ойнар сәтте тілді және жынысын таңдауға болады.
Жоба қатысушыға жастардың сауық кешіне баруға мүмкіндік береді. Ол жерде оған ішімдік, есірткі және қорғалмаған жыныстық қатынасқа түсуге ұсыныс жасалады. Барлық жағдайларда кейіпкерге "келісім беру" немесе "бас тарту" атты екі нұсқа беріліп отырады. Дұрыс таңдау жасай білу - жобаның ең маңызды бөлігі. Бірақ, ойын барысында кез келген ойыншы қателесуі мүмкін. Ол қателікке виртуалды ұрынған адам соңы немен аяқталатынын басы-қасында жүргендей сезінеді. Ал, дұрыс таңдау жасаған жас оның артықшылықтарына қанық болады.
Ойынның орыс тіліндегі нұсқасының тұсауы өткен жылы Алматы қаласында кесілген еді. Жоба бірден көпшіліктің көңілінен шықты. Виртуалды шлем кабинасы көптеген мектептер мен колледждерде және "Арман" кинотеатрында болған еді.
Жаңа өнім "Менің таңдауым - болашақ" жобасының аясында жүзеге асырылуда. Жобаны жүзеге асырумен "Білім - Орталық Азия" Білім беру орталығы "Шеврон" компаниясымен бірлесе отырып айналысып жатыр.
Қазақ тіліндегі жаңа виртуалды ойын Алматы қаласының колледждері мен мектептерінде білім алушыларға қолжетімді. Ұйымдастырушылар жақсы нәтиже болып жатса, аталған кабиналар саны көбейіп, өзге қалаларға да қойылатынына үміттенеді.