Өзбекстан осы жылдың 4 желтоқсанында екінші мәрте Президентін сайлады. Сайлау нәтижесінде Шавкат Мирзиеев сайлауда жеңіске жетті.
Өзбекстан Конституциясына сəйкес 35 жасқа толған, мемлекеттік ресми тілді жетік меңгерген, сондай-ақ, сайлаудан бұрын Өзбекстанда кем дегенде 10 жыл бойы тұрақты тұрған Өзбекстан Республикасының əрбір азаматы Президент болып сайлана алады.
Алайда Өзбекстандағы жүйе бойыша Президент болып текі екі рет сайланады. Өзбекстан Президенті ел азаматтары тарапынан жалпыға бірдей, тең жəне төте сайлау жолымен жəне жасырын дауыс беру арқылы 5 жылға сайланады. «Өзбекстан Республикасы Президентін Сайлау Заңына» сəйкес, Президенттікке үміткерлер сайлау науқаны басталудан 6 ай бұрын Əділет министрлігіне тіркелген саяси партиялар тарапынан ұсынылады.
Өзбекстандағы партиялар
Өзбекстанда заңды түрде тіркелген тек 4 саяси партия бар, əрбір партия Президенттік сайлауға өз үміткерлерін ұсынды. Өзбекстан Либерал демократиялық партиясының мүшелері Шавкат Мирзиеевті, «Милли тикланиш» демократиялық партиясы Сарвар Отамуратовты, «Адолат» социал-демократиялық партиясы Наримон Умаровты жəне Халықтық демократиялық партиясы Хатамжон Кетмоновты Орталық сайлау комиссиясына ұсынған.
Президенттікке үміткерлердің ішінде ең ықпалдысы Шавкат Мирзиеев еді.
Ислам Каримов қайтыс болғаннан кейін Президенттің міндеті мен өкілеттігін уақытша атқару Өзбекстан Республикасы Олий мəжілісінің Сенат төрағасына жүктелуі тиіс (90 бап). Бірақ Сенат төрағасы Ниғматулла Юлдашев бұл міндетті атқарудан өз еркімен бас тартты. Сондықтан Өзбекстан Парламенті Президент міндетін уақытша атқаруды Үкімет басшысы Шавкат Мирзиеевке жүктеді.
Шавкат Мирзиеев осы уақыт ішінде елдің қоғамдық құндылықтары мен қажеттіліктерін тікелей шешуге арналған кейбір батыл шешімдерді қабылдады. Мысалға, мақта жинау мерзімінде үкіметтің халықты күштеп мақта тергізуіне тыйым салды; халық алдында белгілі бір беделге ие, бірақ бұрын сахнадан шеттетілген кейбір атақты өнер адамдарының сахнаға оралуына рұқсат етті; бұрын жеміс-жидек пен көкөніс экспорттаушы іскерлердің валютаның айырбас бағамынан тапқан пайдасының 50%-ын мемлекетке салық ретінде тапсырып келсе, Ш.Мирзиеев бұл көрсеткішті 25%-ға төмендетті; халықтың өз шағымдарын интернет арқылы Президентке тікелей жіберуге мүмкіндік берілді; Ислам Каримовтің өтуін қамтамасыз етуде халықтың жүруіне тиым салынған Ташкент қаласындағы Президент көшесі көлік қозғалысы үшін ашылды.
Президент сайлауы қалай өтті?
Өзбекстан Орталық сайлау комиссиясының қорытындысы бойынша, тіркелген 20,461,805 сайлаушының 87,73%-ы, яғни 17,951,667 сайлаушы сайлауға қатысты. Өзбекстан либерал демократиялық партиясының кандидаты Шавкат Мирзиеев сайлаушылардың 88,61% дауысымен (15,906,724) елдің 2-ші кезекті Президенті болып сайланды.
Сайлау қорытындысы бойынша, басқа да үміткерлердің жинаған дауысы төмендегідей болды:
- Сарвар Отамуратов («Милли тикланиш» демократиялық партиясы) 2,35% (421,055);
- Наримон Умаров («Адолат» Социал-демократиялық партиясы) 3,46% (619,972);
- Хатамжон Кетмонов (Халықтық демократиялық партиясы) 3,73% (669,187).
Сайлауды халықаралық ұйымдар мен жергілікті бақылаушылардан құралған 37,600 бақылаушы бақылады. Сайлауға бақылау жүргізген ШЫҰ, ТМД, ЕҚЫҰ жəне «Демокра- тиялық институттар жəне адам құқықтары жөніндегі бюро» қатарлы халықаралық ұйымдар мен жергілікті бақылаушылар Президенттік сайлаудың заңға сай, еркін, демократиялы жағдайда өткенін хабарлады.
Шавкат Мирзиеев ұстанатын сыртқы саяси басымдықтар
Шавкат Мирзиеев ұстанатын қауіпсіздік жəне сыртқы саяси басымдықтарын ресми баяндамаларында атап көрсетті. 2016 жылдың 8 қыркүйегінде Парламенттің қос палата отырысындағы баяндамасында Ислам Каримовтың қауіпсіздік жəне сыртқы саясат салаларында ұстанған басымдықтардан бас тартпайтынын, Өзбекстанның қандай да бір əскери-саяси ұйымға енбейтінін, елде сыртқы күштердің əскери базаларының ор- нығуына рұқсат бермейтінін жəне шетелдегі ешқандай əскери операцияларға қатыспайтынын қадап айтты.
Осы ресми баяндаманы ескере отырып, Мирзиеевтің басшылығындағы Өзбекстанның қысқа мерзім аралығында Ресейдің ықпалы басым аймақтық интеграцияларға белсенді түрде ұмтылмайтынын, көршілес əрі таяу шетелдерімен екіжақты келіссөздерге негізделген ынтымақтастықты дамытуға басымдық беретінін болжауға болады.
Мысалға, 2016 жылдың 28 қарашасында Өзбекстан Қорғаныс министрі Кабул Бердиев Ресейге ресми сапар жасады жəне ресейлік əріптесі Сергей Шойгумен екіжақты келіссөздер жүргізді. Келіссөздерден кейін екі маңызды келісімшартқа қол қойылды:
- Əскери-техникалық ынтымақтастықты ұлғайту келісім-шарты;
- 20- 17 жылға арналған əскери мекемелер арасындағы ынтымақтастық жоспары.
Бұдан бөлек, Ресейдің Қорғаныс министрі өз сөзінде Ресейдің 2020 жылға дейін Өзбекстанның әскери құрылымдарын модернизациялау бағдарламасын қолдауды одан əрі жалғастыратынына баса назар аударды. Аталмыш келісім мен бағдарламаның бағыт- тарын ескерсек, Өзбекстанның қысқа мерзім аралығында қауіпсіздігін жəне аймақтық тұрақтылықты қамтамасыз етуде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарты ұйымына (ҰҚШҰ) мүше болмай, екіжақты əскери келіссөздер негізінде Ресеймен ынтымақтастықты өрбітуге басымдық беретіндігін болжауға болады.
Сонымен, Шавкат Мирзиеев Президенттігінің бірінші мерзімін сыртқы саясаттағы түпкілікті өзгерістерге бет бұрмай, негізгі басымдығын халықтың əл-ауқатын жақсартуға жəне көршілес елдермен əсіресе экономикалық саладағы қатынастарды ұлғайтуға негіздеуі мүмкін.
Бұған қоса, Шавкат Мирзиеев сыртқы саясатында көршілес Орталық Азия елдеріне көбірек көңіл бөлетіндігін жəне дипломатиялық əрі бейбітшіл тəсілдерге басымдық беретіндігін мəлімдеген еді. Осыған орай, ол екі көршілес елдермен, атап айтқанда Қырғызстан жəне Тəжікстан елдерімен шекара дауларын реттеу туралы дипломатиялық бастамаларды көтерді; көршілес елдердің азаматтарының Өзбекстан шекарасы арқылы өтуін жеңілдетуге баса назар аударды; Тəжікстанмен əуе қатынасын жандандырды.
Алайда, орта жəне ұзақ мерзімді перспективаларда Өзбекстанның шекара мəселелерінде Қырғызстан жəне Тəжікстанмен консенсусқа қол жеткізуі қиынға соғатындығын, əсіресе Тəжікстанның Рогун ЖЭС-нің құрылысына байланысты екі ел арасындағы қарым-қатынастардың тұрақты дамуының қиынға соғатындығын болжауға болады.
Сондықтан Өзбекстан қауіпсіздік жəне сыртқы саясат салаларында Ислам Кəрімовтың негізін қалаған басымдықтарды орта жəне ұзақ мерзімді келешекте ұстанбауы мүмкін. Дегенмен, бұл жағдай тікелей мемлекеттің ұлттық мүдделеріне жəне аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікке деген қауіп-қатерлердің артуына байланысты дамитын болады.
Ресей мен Өзбекстан қатынасы
Осы орайда, егер мемлекеттің ұлттық мүдделеріне жəне аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікке деген қауіп-қатерлер артатын болса, Өзбекстан Ресей басшылығындағы аймақтық қауіпсіздік ұйымына мүше болуы əбден мүмкін. Сондай-ақ, сыртқы саясатта басымдылықтың алдымен ТМД елдеріне, соның ішінде АҚШ, Қытай, Азия Тынық мұхиты аймағы (Жапония, Оңтүстік Корея), Еуропа, Оңтүстік Азия мен Орта Шығыс елдеріне берілуі – Ресейдің аймақтағы ықпалының артуына оң əсер етеді деуге болады.
Бұл жағдайларда орта жəне ұзақ мерзімде Өзбекстан сыртқы саясат саласындағы алып күштерді таңдауда солтүстік бағытты басымдыққа алуы мүмкін. Бұл жағдай Орталық Азияда Ресейдің ықпалының кеңеюіне жол ашуы мүмкін. Бұған қоса, Ресейдің 2016 жылдың 30 қарашасында қабылдаған «Сыртқы саясат тұжырымдамасында» посткеңестік географияға көбірек көңіл бөлетініне баса назар аударылды.
Ресей елі Өзбекстанға қажетті көмекті көрсету арқылы өзінің Шығыс елдерімен ынтымақтастықты нығайтып, Өзбекстаннан Еуразиялық экономикалық одақпен қарым-қатынасын арттыруын талап етуі мүмкін. Осылайша, Өзбекстанмен экономикалық қарым-қатынасын арттыру арқылы басқа да салалардағы екіжақты ынтымақтастықтарды жаңа бағытқа шығарудың негізі қалануы мүмкін.
Осы орайда, Президент болып сайланған соң Шавкат Мирзиеевтың алғашқы ресми сапармен Ресейге баруы алдағы уақытта екі ел арасындағы қатынастардың, əсіресе экономикалық байланыстардың бекемдеп түсінуіне септігін тигізері анық.
Айдарбек Амирбек, Еуразия ғылыми-зерттеу институты, Қазақстан
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024