Елімізде соңғы жылдары жекеменшік медицинаны дамыту ісі оң жолға түсіп келеді. Мемлекеттік медициналық ұйымдарды жекешелендіруді ынталандыру, мемлекеттік емес ұйымдар арқылы тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін беруді кеңейту жолға қойылуда. Бұл ретте бүкіл ғұмырын айналасына қолұшын созуға арнаған жанның бірі – Мүсілім Дайырбековтің де айтары бар. Бүгінде сексеннің сеңгіріне шықса да, жекеменшік медициналық мекеменің жұмысын дөңгелетіп жүрген ҚР Денсаулық сақтау саласының үздігі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мүсілім Дайырбековпен әңгімелесудің сәті түскен еді.
-Үлкендердің жол сілтеуімен тіс дәрігерлерін даярлайтын медициналық техникумға оқуға түстім. Оны бітіргеннен кейін мені жолдамамен Алматыға жіберді. Осындағы бір стоматологиялық емханада жұмыс істеп жүрген кезімде Жаркент жақтан келген бір бас дәрігер мені өзімен бірге алып кетті. Сөйтіп, менің тіс дәрігері ретіндегі өмірім Алматы облысында басталды. Біраз тәжірибе жинақтағаннан кейін Алматыдағы медицина институтының стоматология факультетін бітірдім. Бір қызығы, Шымкентте, Алматыда жүргенде ауылда қалып қойған достарыма алаңдап жүретінмін. Кішкентайынан бірге өскен құрдастарымды қимай, үйлеріне әдейі іздеп барамын. Құжаттарын өз бетінше қалаға алып кетіп, оқуға тапсырамын. «Оқисың» деп өктемдік танытып қоямын. Сөйтіп өзім студент болсам да достарымның оқуға түсуіне көмектестім. Сонда кімге сеніп, тірлік жасадым десеңізші? Әке-шешеміздің, ағайын-туыстың бізге қарайласатын жағдайы да жоқ еді. Достарым оқуын тастап кетпесін, бәрімізге тамақ, киім-кешек болсын деп, күндіз-түні әрі оқимын, әрі жұмыс істеймін және жаттықтырушы болып та ақша таптым. Жас кезімнен-ақ мойнымда үлкен жауапкершілік бар екенін сезетінмін. Бала кезімде мені әкем бір өзбектің үйіне қонаққа алып барды. Әлгі үйдің бәйбішесі тандырға қып-қызыл етіп күлше пісіріп, біз сияқты ойын балаларына таратып берді. Қарным ашып тұрса да, әлгі нанды жемей қойныма салып, іні-қарындастарым жесін деп анама әкеп бергенімде ол көзіне жас алды. Бұл соғыстан кейінгі жоқшылық кезі еді. Асыра айтқандық емес, стоматология саласына жас та болсам үлкен жаңалықтар әкелдім. Жастығыма қарамастан бір емхананы аяғынан тік тұрғыздым. Республикада, тіпті Одақ бойынша тұңғыш рет керамикалық және фосфор тіс жасауды жүзеге асырдым.
- «Шипа-дент» стоматологиялық клиникасы қашан құрылды?
– 40 жылдан астам уақыт стамотология саласында медицина ісін ұйымдастырумен айналысып келемін. Стоматологиялық емхана 1991 жылдан бері жұмыс істейді. 2000 жылы «Шипа-дент» деген атпен қайта тіркелді. Бүгінде тіс емдеу емханасы шаһар тұрғындарының алғысына бөленіп келеді. Кейде кем-кетіктерге, қарттарға қамқорлық жасап, тістерін тегін емдеп, қызмет көрсетеміз. Мұндағы мамандар емдеудің осы заманғы озық технологиясын игерген. Өзім Германия, Корея, Қытай, Малайзия, Канада, Мексика, АҚШ, Еуропа елдерінде өткен стоматологтардың дүниежүзілік конгрестеріне қазақ елі атынан қатысып, ем-домның әлемдік жетістіктерін ел игілігіне ала келдім.
- Емхананың басты ерекшелігі неде?
– Емхана диагностика мен емдеу ісінде әлемдегі ең жаңа технологияларды қолданады. Соңғы жылдары мұнда парадонтоз, гингивит, тіс жегісі сияқты тіс аурулары табысты түрде емделетін болды. Антибиотиктермен әсер етуге келмейтін жағдайда емдеудің жаңа тәсілдері қолданылады. Ұжымда жүзге жуық адам еңбек етеді. Терапия, ортопедия сияқты жетекші бөлімдері күніне 150-180-дей адам келеді. Протездеу бөлімінде ғана 10 дәрігер, 20 техник жұмыс істейді.
Жаңа технологиялық тізбекке стамотологиялық орынтақтан бор машинасын қосып алғанда протез жасайтын материалға дейін бәрі кіреді. Кейінгі кезде бұрынғыдай акрилден жасалған тіс протездерінің орнына нейлон протездер қолданылатын болды. Бұл әлемдік стамотология саласында шын мәнінде ноухау. «Шипа-дент» бұл тәсілді елімізде алғашқылардың бірі болып қолдана бастады. Жұлынған тістердің орнына тіс салуда жапондық – наритани, немістің – дуцера, ивакаляр, вита, американың – карат дейтін металокерамикалық материалдары жемісті пайдаланылып отыр. Имплантациялық ізденістер де арта түскен. Жақ сүйекке титан бұранда кіргізіледі де, ол бекіген соң бұл түбірге металокерамикалық материалдан жасалған тіс отырғызылады. Жасы үлкен адамдарға мини имплантат жасалады. Бұл жасанды тістің неғұрлым берік орналасуына мүмкіндік береді.
-Өмірлік кредоңыз – қайырымдылық жасау және адамгершілікті биік ұстау. Солай ма?
– Қандай қиын-қыстау кезеңде де адамгершіліктен аттаған емеспін. Ешкімге жамандық істемедім. Ешкімді сатпадым. Ұрыс-керіске жоламаймын. Барлық көрген қиыншылық – менің тағдырым. Бостандыққа зор сеніммен оралдым. Әрине, сүттен ақ, судан таза болдым дей алмаймын. Адам ретінде пендешілігім де болған шығар. Бірақ ұзақ уақыт камераға қамалып, баскесерлермен бірге отыратындай ауыр қылмыс жасаған жоқ едім. Сондықтан дұшпанға да кешіріммен қараймын. Бумеранг сияқты алғыс пен қарғыс та, жақсылық пен жамандық та айналып өзіңе келеді. Кезінде мені «сатып кеткен» достарыммен де кездесіп қалып жатамыз. Себебі – бұл өмір.
Жер басып жүрген соң, айналаға зер саласың. Маңайымызда қаншама отбасы баспанасыз қаңғып жүр. Көңілі қам, шарасыз мүгедек жандардың жан жарасы өз алдына. Міне, өз басым осындай жандарға қолұшын беруден аянбаймын, тартынбаймын. Ұлы бабамыз Бәйдібекке, Өтеген, Бәйдібек, Райымбек, Қабанбай, Маңығыстаудағы әулие Бекет атаға, Абайға салынған ескерткіш-кесенелерге қаржылай көмек қолын создым. Шымкенттегі Асанбай Асқаров атындағы, Төле би ауданындағы Төле би орта мектебіне компьютерлік сыныптар жабдықтауға атсалыстым. Бұдан бөлек Төле би ауданындағы Көсәйек ауылына зәулім мешіт салып бердім. Ол мешітке қариялар Төлеби тегі Дайырбек ата мешіті деп ат қойды. Әкем Дайырбек 93-ке келіп көз жұмған, көңілі дархан, ел-жұртына сыйлы кісі еді. Ел дінге имандай ұйып, ауызбіршілікке берік болса деймін. Әрі мешіт – тәрбие ордасы. Көптеген жасөспірімдердің нашақорлыққа, маскүнемдікке, қаңғыбастыққа салынуы санасындағы рухани қуыстың бос қалуынан деуге болады. Ол үшін ақпарат құралдарының тәрбиелік жауапкершілігін күшейту керек. Оңтүстік жұрты су тасқынынан зардап шеккенде арнайы қорға миллион теңге аудардым. Бұл менің – перзенттік парызым. 2012 жылы «Жылдың қайырымды адамы» аталымы бойынша «Алтын жүрек», «Алматы қаласының Жыл адамы – 2013» сыйлығымен марапатталдым. Халықтың берген бағасынан артық ештеңе жоқ.
– Әңгімеңізге рахмет!
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024