Алматы. 18 наурыз. 7kun.kz –16 наурызда Баум тоғайында «Алматы марафонына» дайындық шеңберінде жүгіруден көктемгі жарыс өтті. Оған 1200 әуесқой жүгіруші қатысты.
Жарысқа қатысқандардың ең кішісі - 10 жаста, ал үлкен қатысушы - 82 жаста.
«Көктемгі жүгіру жарысы спортпен барлық жастағы адамдар айналыса алатынын дәлелді. Көпшілік үшін жүгіру – жай ғана спорт емес, өмір философиясы. Қаланың Баум тоғайы, Тұңғыш Президент Саябағы тәрізді орындары - жүгіру және үлкен сөрелерге дайындалу үшін жағымды келетін алаңдар», - дейді «Бірінші болу - батылдық» корпоративтік қорының атқарушы директоры Салтанат Қазыбаева.
Сөреге бірінші болып 3 км балалар қашықтығына (10-14 жас) қатысушылар шықты. Ұлдар арасында – Доминик Боловинцев, ал қыздар арасында – Рима Гранкина мәреге бірінші болып жетті.
Жарыс жеңімпаздары 1-ші орын үшін 50 000 теңге, екінші орын үшін 30 000 теңге, үшінші орын үшін 20 000 теңге ақшалай сыйлықтар алды.
13 км қашықтықты ерлер арасынан Михаил Красилов 41 минут 6 секундта, ал әйелдер арасынан Бишкек қаласынан келген Юлия Фернас 52 минут 1 секундта жүгіріп өтіп, ең үздік нәтиже көрсетті.
«Маусымдық жарыстар – үлкен сөреге дайындалуға тамаша мүмкіндік. Биыл мен 21 км қашықтықтағы жартылай марафонға үшінші мәрте қатысамын... Спорт қуат береді, мақсат қойып, оған жетуге үйретеді. Бұл бізді шынықтырып, күшті ете түседі», - дейді «Алматы марафонының» бренд-амбассадоры, атлет Асқар Аманбаев.
Жүгіруден көктемгі жарыс - 21 сәуірде өтетін «Алматы марафоны -2019» жарысына дайындалуға трамплин, ақырғы дайындалу сатысы. Орталық Азиядағы ірі спорттық шараға almaty-marathon.kz сайтында 1 сәуірден бастап тіркелуге болады.
Айта кетейік, «Алматы марафонына» дайындалуға қатысқысы келетіндер апта сайын, әр сенбіде сағат 10:00-де Тұңғыш Президент Саябағында өтетін ашық жаттығуларға қатыса алады.
Жүгіруден көктемгі жарыстың ұйымдастырушылары - «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры, «World Class Almaty» фитнес-клубы және Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Академик Шахмардан Есенов атындағы ғылыми-білім беру қоры. Ал жарыстың бас серіктесі – Kaspi.kz.