Нұр-Сұлтанда табысы аз адамдарға 2 000 тегін пәтер беріледі

Нұр-Сұлтан
Фото: bajaunitedins.com

Алматы. 16 мамыр. 7kun.kz – Бүгін Нұр-Сұлтан әкімдігінде Бақыт Сұлтановтың көпбалалы аналармен кездесуі өтті. Кездесуде халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына әлеуметтік қолдау көрсету және оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды, — деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Әкімнің айтуынша, елордада тұрғын үй кезегінде халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын азаматтар, соның ішінде көпбалалы аналар, аз қамтылған азаматтар мен мүмкіндігі шектеулі адамдар тұр.

Бақыт Сұлтанов қосымша қаражат есебінен шамамен 1800-1900 пәтер беру жоспарланып жатқандығын мәлімдеді.

«Бұл көлемді алдағы жылдары екі есеге арттыруға тырысамыз. Бірақ барлығы тұрғын үй заңнамасының талаптарына сай болуы қажет. Біз аз қамтылған және көмекке аса мұқтаж отбасыларды, соның ішінде көпбалалы отбасыларды муниципалдық тұрғын үймен қамтамасыз етуге тиіспіз», – деді ол.

Бақыт Сұлтановтың айтуынша, қиындыққа тап болған әрбір отбасы «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Бизнестің жол картасы» бағдарламалары мен атаулы әлеуметтік көмек аясында қолдауға ие болады.  

Сондай-ақ, азаматтарды жұмысқа орналастыру мәселелері де шешіледі. «Біз азаматтарды қайта оқытуға немесе біліктілігін арттыруға көмектесеміз», – деп атап өтті Бақыт Сұлтанов.