ОҚО-да 40 мың тауар өндіруші мемлекеттік қолдауға ие болған

40

Алматы. 31 қаңтар. 7kun.kz – Оңтүстік Қазақстан облысында соңғы жылдары ауыл шаруашылығы саласына мемлекет тарапынан ауқымды қолдаулар көрсетіліп, агроөнеркәсіп кешенде жақсы нәтижелерге қол жеткізілді. Мәселен, 2016 жылы 40 мыңға жуық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мемлекеттік қолдауға ие болған.

Осының нәтижесінде 2017 жылы ауыл шаруашылығы жалпы өнім көлемі 522,4 млрд теңгені құрап,  2016 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда, 77,4 млрд теңгеге артқан.  Республикадағы ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің үлесі бойынша облыс 2-орында. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылық басқармасы мәлім етті.

Сондай-ақ, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» облыстық филиалының жарғылық  капиталы арқылы бөлінген 4,8 млрд теңге қаржы толығымен игерілді. Бағдарламаны жүзеге асыру барысында  850-ге жуық шаруа қаржылай қолдау алған.

Салалық басқарманың мәліметінше, ауыл шаруашылығы саласының негізгі капиталына тартылған инвестициялардың көлемі 38 млрд теңгені құрап,  2016 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 3,4 есеге артқан. Ал ауыл шаруашылығы экспортының көлемі бүгінгі таңда 231,5 млн АҚШ долларын, импорт көлемі 356,5 млн АҚШ долларын  құраған.

Сонымен бірге, осы саладағы жұмысты жандандыру үшін жаңа 1031 дана ауыл шаруашылығы техникасы алынды. Жалпы облыс бойынша 16530 дана ауыл шаруашылығы техникасы бар.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі