Оңтүстік Қазақстанда ЕУРО-5 үлгісінде зауыт салынады

Алматы. 10 наурыз. 7kun.kz — Ресейлік «Космос-Нефть-Газ» қаржылық-өнеркәсіптік компаниясы және қазақстандық «Саутс-Ойл» компаниясы Еуро-5 стандарты бойынша мұнай химия комбинатын салуды жоспарлап отыр. Бұл туралы кәсіпкерлердің Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевпен кездесуінде белгілі болды деп хабарлайды әкімнің баспасөз қызметі. 

Жоспар бойынша жаңа зауыт жылына 2 млн тонна шикізатты қайта өңдеуге қауқарлы. Кәсіпорын мәселесі талқыланған басқосуда өңір басшысы қонақтарды аймақтың өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктерімен таныстырды. Сонымен қатар, облысымыздың инвестициялық және туристік әлеуетін шетел нарығына таныстыру басты басымдықтарымыздың бірі екенін айтып, бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

«Оңтүстік Қазақстанда шетелдік инвесторлар үшін бар жағдайды жасауға әкімдік жағы толықтай әзір. Бүгінде облыста 11 индустриалды аймақта 151 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатса, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймақта 10 ірі кәсіпорын жұмысын жүргізіп жатыр. Мұнан бөлек, аймақтағы салаларға қаржы салған инвесторлар үшін салықтан босату сынды жеңілдіктер бар», — деді әкім.

Айта кету қажет, Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда байланысы 2016 жылы 13583,5 млн. АҚШ долларын құраса, оның 3509,2 млн. АҚШ доллары экспорт, 9129,8 млн. АҚШ доллары импорт тауарлардың құны алады.