Оңтүстік Қазақстанда дизайнерлік аяқ-киімдер шығарылатын болады

Оңтүстік Қазақстанда дизайнерлік аяқ-киімдер шығарылатын болады

Қазақстанда әйелдер мен ер адамдарға арналған сапалы аяқ-киім өндірісін жақсарту қолға алынбақ. 2015 жылдың соңына дейін дүкен сөрелерінде 100 мың жеңіл аяқ-киімдер мен бәтеңкелер пайда болатын болады деп хабарлайды «Даму» кәсіпкерлік қоры.

«Оңтүстік Қазақстан аяқ-киім фабрикасы» компаниясы алғашқы топтамасының дизайнын бекітіп үлгерді. Отандық өндірушінің өнімдері сатылымға осы жылдың жаз айында шығады. Компания директоры Санжар Тілегеновтың айтуынша, өндірістің жаңа кезеңі басталмас бұрын аяқ-киім саласы мен нарықтағы құрылғылар зерттелген.

«Шыны керек, бізге келетін тауарлардың басым көпшілігі Қытайдан әкелінеді. Оның сапасы да көңіл көншітерліктей емес. Біздің мақсатымыз — жергілікті өндірушілердің шетелдіктерден кем еместігін тұрғындарға дәлелдеу. Біздің тауарларымыздың бағасы қымбаттау болса да, сапалы болады. Оған аяқ-киімдердің заманауи әрі өзгеше дизайнын қосыңыз», — дейді Тілегенов.

Құрылғылар субсидияланған пайыздық мөлшерлемемен «Даму» қоры арқылы алынған. Алдағы уақыттарда жеңіл аяқ-киімдерден етікке дейін және дизайнерлік аяқ-киімдерді шығару жоспарланып отыр.

«Бастапқыда біз өз күшімізбен шығамыз дегенбіз. Бірақ, бізге тәжірибелі серіктес керегін түсіндік. Қазақстанда болмады, Түркиядан таптық. Шикізаттың кей бөлігі шетелден әкелінетін болды. Біз тігіп, дайындаумен айналысатын болдық. Әзірге еліміздегі нарықта сапалы шикізат жеткізушілер жоқ», — дейді компания басшысы.

Бүгінде фабрика күніне 1000 жұп жеңіл аяқ-киім шығарады. Өзінің өнімдерін компания ірі ретейлер мен нарықтағы көтерме саудагерлерге өткізу арқылы жүзеге асырып отыр.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін отандық аяқ киім өндірісінің көлемі төмендеп кеткенін хабарлаған болатынбыз.