Оңтүстікте «Дайын бизнес» атты жаңа бағдарлама іске асырылады

325
Дайын бизнес
Фото: damu.kz

Шымкент. 4 қазан. 7kun.kz — Азаматтардың бизнесін жасауға кепіл мүлкінің жоқтығы немесе жеткіліксіздігін шешу мақсатында «Оңтүстік» инвестициялық орталығы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-мен «Дайын бизнес» жаңа бағдарламасын іске асырады. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бағдарламаның басты ерекшелігі — кәсіпкерден аванс ретінде алғашқы жарна алып бизнесті құру, сонымен «Дайын бизнесті» кәсіпкерге өткізіп, сол бизнестің өзін кепілдік ретінде қабылдайды. Бұл процесс «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-нан қаржы тарту арқылы жүзеге асырылады.

Аталған бағдарлама бойынша компания бірнеше бағыт бойынша жобалар әзірлеп жатыр. Олардың бірі жалпы аумағы 45 гектар болатын «Бадам» жылыжай өнеркәсіп кешенін құру. «Бадам» индустриалды аймағында орналасатын жылыжайдың 70 пайызы жергілікті тауар өндірушілердің тауарларымен жабдықталатын болады.

Сонымен қатар, тәулігіне 1000 литр сүт өнімдерін өңдеу және сатуға қауқарлы «Ауылдық сүт зауытын құру». Сүт зауыты — зертхана, сүт қабылдау бөлімі, тоңазытқыш, жабдықтарды санитарлық тазарту, шағын дүкен сияқты бөлімдерден құралатын болады.

Осындай жүйе негізінде тәулігіне 1000 кг шұжық өнімдерін өңдеу және сатуға қауқарлы «Ауылдық шұжық цехын құру» жобасы бойынша да жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл жобалар толық іске қосылатын дәрежеге жеткізіліп, «дайын бизнес» ретінде кәсіпкерге лизинг етіп ұсынылатын болады.

Айгүл Хожантаева