Отандық SabyrzhanAiryn бренді қалай қалыптасты?

84
http://sabyrzhanayrin.kz
SabyrzhanAyrin — франшиза арқылы пайда болған бренд

Қоғамда қазақы нақышта тігілген, ою-өрнегі бар киімдердің бәрі қымбат болады деген түсінік бар. SabyrzhanAyrin осы түсінікті теріске шығарып, қолжетімді киімдер өндіріп отыр. Көшеде «Ханшайым», «Хан», «Ботақан» дейтін қазақша сөздер жазылған жейде киіп жүргендерді жиі кездестіреміз. Тіпті, өзінің есімін жаздырып алғандары да бар. «Super girl», «Папина гордость» дегендерден қарағанда осындай отандық мазмұндағы жазуы бар жейделер әлдеқайда жанымызға жақын. Осы киімдер өз отанымызда өндіріледі. Еліміздің өнер жұлдыздары да осы SabyrzhanAyrin бутигінен киінеді.

SabyrzhanAiryn
Фото: http://sabyrzhanayrin.kz

«Отандастарымыздың көпшілігі базардан киінетіні белгілі. Бірде «Көк базарда» жаппай сатылым болып жатқан дүкеннің алдындағы ұзын-сонар кезекті көрдім. Қарап тұрсам, қарапайым дүкен. Тауарларының барлығы шетелден келген. Киім өндірісінің сұранысқа ие екенін сол кезде түсіндім. «Көк базардағы» дүкеннің иесімен келісіп, франшизамен айналыса бастадым. Франшиза арқылы 6 айда 9 дүкен аштық»,-дейді SabyrzhanAyrin-ның негізін қалаған кәсіпкер Рүстем Ермекбай.

Франшиза – қолданыста жүрген танымал брендтің, сауда белгісінің тауарын коммерциялық мақсатта таратуға рұқсат алу. Отандық сауда айналымындағы əлемдік танымал брендтердің барлығы, оның ішінде қазақстандық маркалардағы тұтыну тауарлары, киім-кешек, автокөліктер, азық-түлік, тіпті компьютер ойындары мен кинофильмдер франшизаға жатады. Франшиза келісімшарты арқылы жергілікті кəсіпкерлер шетелдік жəне отандық өнімді нарықта сата алады.

SabyrzhanAyrin атауы қалай пайда болды?

Брендтің жылдам танылуына оның атауы ерекше әсер ететіні белгілі. SabyrzhanAyrin деген атау компанияның негізін салған Рүстем Ермекбайдың қызының құрметіне осылай аталған. Қызының есімі – Айрин, әкесінің аты – Сабыржан. SabyrzhanAyrin деген бренд осылай қалыптасып, Қазақстанға танымал болды.

Sabyrzhanairyn
Фото: weproject.kz

SabyrzhanAyrin бренді отбасы мүшелеріне арналған киімдер топтамасын шығарады. Басқа брендтерден ерекшелігі де осында. Рүстем Ермекбай отбасылық киімдер топтамасын шығару туралы идея қалай туындағанын былай түсініреді:

«Менің киім саласын қолға алуыма отбасым себепкер болды. Қызым Айрин бір жасқа толғанда, отбасылық фотосессия жасамақ болдық. Суретке түсу үшін отбасы мүшелеріне арналған бірдей киім іздедік. Отандық өндірісте мұндай өнім болмағандықтан, Оңтүстік Кореяның киімдерін кидік. Өзім Өзбекстан жерінде туып-өскеніммен, үнемі қазақы нақыштағы киімдерді аңсайтын едім. Қазақстанға келсек те ондай өнімдерді таба алмағанымыз өкінішті болды. Отандық киім брендін ойлап тауып, қазақы нақыштағы күнделікті киімдерді шығару туралы ой осыдан келіп туындады».

Рүстем Ермекбай Өзбекстанның территориясы болып есептелетін Бостандық ауданында туып-өскен. 18 жасқа толған соң тарихи Отанына оралған.

Өтемақысыз серіктестік – Отан үшін

SabyrzhanAyrin тұтынушыларды киімнің барлық түрімен дерлік қамтамасыз ете алады. Отандық киім бренді бүкіл отбасына арналған киімдер топтамасын шығарумен қатар, күнделікті тұрмысқа арналған жейделер, спорттық киімдер, көйлектер мен сырт киімдер де өндіреді. Брендтің қалыптасқанына биыл 3 жыл болды.  Қазір SabyrzhanAyrin-ның Қазақстанның 8 қаласында 10 дүкені бар. Мұндай киімдерді Алматы, Астана, Семей, Талдықорған, Павлодар, Ақтау, Жаңаөзен, Қызылорда қалаларынан табуға болады. Алдағы уақытта Шымкент пен Қарағанды қалаларынан да дүкен ашу жоспарланып отыр.

Sabyrzhanairyn цех
Фото: Ztb.kz

Ескере кететін жайт, SabyrzhanAyrin басқа қалалардағы кəсіпкерлерге ешқандай өтемақысыз серіктестік түрін ұсынады. Егер өз қаласында дүкен ашып, SabyrzhanAyrin брендінің киімдерін тұрғындарға сатумен айналысқысы келетін кəсіпкерлер болса, компания оларға дайын бизнес-жоба мен өз өнімдерін өтемақысыз ұсынуға дайын.

Жылына миллион жейде өндіретін компания

SabyrzhanAyrin ішкі сұранысты толығымен қамтамасыз етуді көздейді. Компания алдағы үш жылда отандастарымыздың он пайызын отандық киім өнімдерімен қамтамасыз етуді мақсат етіп отыр. Компания жылына 1 миллион жейде өндіруді жоспарлап отыр. Өндірушілерде тауарымыз өтпей қалады-ау деген қорқыныш жоқ.

«Кез келген қазақстандық жыл сайын орта есеппен үш жейде тоздырады. Биыл алдымызға 1 миллион жейде шығарамыз деген мақсат қойып отырмыз. 2017 жылы 110 мың жейде шығарғанбыз. Демек, биыл өнімдеріміз он есеге өспек. Мұның бəрі сатылып кете ме, босқа шығын болмай ма деген сауал жиі қойылады. Үш бірдей Түркияның киім бренді қазақстандықтардың тарапынан жыл сайын 50 миллиард теңге табыс табады. Қаншама қаражат шетелге кетіп жатыр. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін SabyrzhanAyrin шетелдік киім брендтерімен терезесі тең деңгейге жетіп, отандық нарықтан өзгелерді ығыстыру үшін жұмыс істеп жатыр. Былтыр біздің компания «Қазақстандағы қарқынды даму» номинациясы бойынша I орын жеңіп алды»,-дейді қызметкерлер.

Sabyrzhanairyn
Фото: Ztb.kz

Қазір SabyrzhanAyrin брендіне шетелден де сұраныс артып отыр. Израиль, Швейцария, Ресей, Түркия, Моңғолия, Қытай, Өзбекстан, Канада мен Америка Құрама Штаттарындағы қазақтар компанияның өнімдеріне қызығушылық танытып, Қазақстанға арнайы іздеп келіп жатады. Демек, қазақстандық брендтер шетелдік экспортта да сұранысқа ие деген сөз.