Павлодарда 1 млн 326 мың га алқап игеріледі

2085
алқап
Фото: mfa.kz

Павлодар. 13 сәуір. 7kun.kz — 2017 жылы Павлодар облысында 1 млн 326 мың га ауыл шаруашылығы алқабы игеріледі. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 107 мыңға артық. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы өсімдік шаруашылығы және механизация бөлімінің бас маманы Байболат Рахымжанов айтты, деп жазады pavlodarnews.kz.

«Оның 705 мыңға жуығына дәнді дақыл себіледі. Өсімдіктің бұл түрі өткен жылы 661 мың гектарға егілген. Биыл жергілікті шаруашылықтар дәнді дақыл алқабын 44 мың гектарға ұлғайтты. Сонымен қатар, майлы дақылдар 200 мың, картоп 17 мың, көкөніс 6,5 мың, ал бақша өнімі 2300 гектарды құрады. Биыл 388 мың гектар мал азығы өсіріледі. Оның ішінде жүгері, сүрлем, көп жылдық және бір жылдық өсімдіктер де бар», – дейді Байболат Рахымжанов.

Бас маманның айтуынша, егіс алқаптары ең көп аудандар Ертіс, Железин және Қашыр аудандары. Ертіс аймағында 200 мың гектардан аса ауыл шаруашылығы жері қолданыста. Ал Железин мен Қашырда 100 мың гектардан жер игеріліп жатыр. Қазіргі таңда шаруалар көктемгі дала жұмысына қызу кірісті.

Еске салсақ, Павлодар облысында биыл өсімдік шаруашылығын дамыту үшін 2,8 млрд теңге субсидия бөлінген.