Алматы. 28 қазан. 7kun.kz - Кеше Алматыда Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының 85 жылдық мерейтойына арналған кеңейтілген жиын болып өтті.
Мерейтойлық шараға ана мен бала саулығына өлшеусіз үлес қосқан ардагер-дәрігерлер, орталықтың серіктестері мен әріптес-достары, қазақстандық медициналық мекемелердің басшылары, Педиатрия орталығы ұжымы мен басшылығы қатысты.
«Біздің негізгі мақсатымыз - балалардың денсаулығын нығайту, өлім-жітімін азайту. Орталықта 285 төсек-орын бар. Соның ішінде 115-і онкологиялық аурулармен ауыратын балалардың төсек-орны. Жылына біздің орталықта 6000-нан астам бала ем қабылдап шығады. Қазақстанның барлық өңірлерінен бізге емделуге келеді. Жаңа туылған нәрестелерден бастап, 18 жасқа толған балаларды қабылдаймыз. 2013 жылдан бастап біздің орталағымызда заманауи жоғарғы технология әдісі қолданылады. Педиатрия және балалар хирургиясы орталығының негізі 1932 жылы қарашаның 28-інде Ана мен бала денсаулығын қорғау ғылыми зерттеу институты ретінде қаланды», - деп атап өтті Педиатрия жөніндегі директордың орынбасары Ләззат Манжуова.
Мекемеде 700-ден астам қызметкер еңбек етеді, оның ішінде – 147 дәрігер, 1 академик, 20 медицина ғылымдарының докторы жəне 27 медицина ғылымдарының кандидаты бар.
2012 жылдан бастап мекемеде телемедицина бағыты қолға алынған. 2016 жылы 217 телекеңес берілді. Заманауи тәсіл арқылы Республика бойынша еліміздің әр түкпіріндегі барлық клиникалар Педиатрия жəне бала хирургиясы ғылыми орталығы мамандарымен кеңесіп отырады. Сондай-ақ, үнемі шет ел мамандарымен медициналық пікір алмасулар өткізіліп тұрады.
Орталық балалардың денсаулығын қорғауда қол жеткізген жетістіктері үшін Халықтар Достығы орденімен және «Сапа үшін Еуропалық Гран При» халықаралық байқауының «Медицина саласының көшбасшысы» Бас жүлдесімен марапатталған.
Гүлия Айтуғанова Адина Анарбек