Президент отандық өнімдерді сатып алуға шақырды

Президент отандық өнімдерді сатып алуға шақырды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарға отандық кәсіпкерлердің өнімін сатып алуға шақырды.

Алматы сапары барысында Нұрсұлтан Назарбаев қаланың сауда орталықтарын аралап, ішінен «Made in Kazakhstan» брендімен шығарылған көптеген тауарларды сатып алды. «Мен барша қазақстандықтарға отандық өнімді сатып алуға кеңес беремін. Бұл бір жағы біздің отандық бизнестің дамуына тигізер үлесіміз болады. Біздің тауарларымыз экологиялық таза болып келеді. Өзінің туған жерінің тауары адам үшін пайдалы болады,  — деді мемлекет басшысы.

Брифингте журналистер алдында сөз сөйлеу барысында елбасы Алматы қаласының дамуы үшін мемлекет тарапынан баса назар аударылып жатқандығын айтып өтті. «Барша қазақстандықтар, соның ішінде мен, Алматыны жақсы көреміз. Тәуелсіздік жылдары қала тіпті көркейді. Бұл жерде тұру үшін, білім алу үшін, емделу үшін барлық жағдай жасалған. Универсиада-2017 үшін салынып жатқан барлық нысандар келешекте тұрғындардың игілігіне жарайтын болады», — дейді президент.