Президент Тоқаевтың туыстары қандай қызмет атқара алмайды?

Фото: akorda.kz

Қазақстанның Әділет министрі Қанат Мусин Конституцияға енгізілген жаңа түзетулерге сәйкес республика президентінің туыстары қандай мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайтынын айтты, деп хабарлайды 7kun.kz.

Қазақстанда президенттің бауырлары, балалары ұлттық компанияларға басшылық ете алмайды. Бұдан бөлек, Әділет министрінің айтуынша, мемлекет басшысының жақын туыстары министр, министрдің орынбасары, мемлекеттік және квазимемлекеттік органдар басшысы қызметтерін атқара алмайды.

«ҚР Конституциясына сәйкес, президент мемлекет басшысының жақын туыстарының мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдарда басшы лауазымдарға орналасуына конституциялық деңгейде тыйым салу жөнінде ұсыныс айтты», — деді Қанат Мусин брифингте.

Президенттің жақын туыстарына заң бойынша ата-анасы, балалары, асырап алушылары, асырап алынғандар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен әпке-сіңлілері, атасы, әжесі, немерелері жатады. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама да жекжаттар, яғни ерлі-зайыптылардың жақын туыстары үшін шектеулер белгілейді.

Президент Жарлығымен саяси және әкімшілік мемлекеттік қызметшілер лауазымдарының тізілімі айқындалып, оларға министрлер, олардың орынбасарлары, әкімдер, мемлекеттік органдардың басшылары және басқалар жатқызылған.

Квазимемлекеттік секторға мемлекет қатысатын ұйымдар жатады.

«Осылайша, заңнамалық деңгейде тиісті тыйымдар белгіленгеннен кейін, мысалы, Президенттің ағасы, әпкесі, балалары «Самұрық-Қазына» немесе «Бәйтерек» сияқты ұлттық компанияларда басшылық қызметке орналаса алмайды», — деді Мусин.

Конституцияға түзетулер енген соң Қазақстанның Болгариядағы Елшісі Теміртай Ізбастин бірден қызметтен босатылды. Ол — президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың күйеу баласы, қарындасы Қарлығаның күйеуі.

Айта кетейік, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың жиені Қаныш Ізбастин «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингінің еншілес компаниясы – «ҚазАгроҚаржы»АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы болған. Осы жылдың ақпан айының басында ол қызметінен босатылды.