Путин Baring Vostok ісі туралы алғаш рет пікір білдірді

Владимир Путин
Фото: kp.ru

Алматы. 26 ақпан. 7kun.kz – Ресей президенті Владимир Путин Baring Vostok инвестициялық қорының басшылары туралы іске алғаш рет пікір білдірді. Бұл туралы Bloomberg агенттігі хабарлады.

Жабық отырыс барысында Путин Майкл Калвиге және оның қасындағы серіктестеріне қарсы айыптаудың негізі бар екенін айтқан. Алаяқтық жасады деп күдіктенген Калви мен басқа да айыпталушылардың тергеу ісіне көз жұма қарамауға шақырған.

Еске сала кетейік, Baring Vostok инвестициялық қорының негізін қалаушы Майкл Калви 15 ақпан күні Мәскеуде алаяқтық жасады деген күдікпен ұсталды. Онымен бірге Baring Vostok инвестициялық қорының серіктесі — Филипп Дельпаль, инвестициялар қорының директоры — Иван Зюзин , Baring Vostok қорының серіктесі — Ваган Абгарян, «Норвик банк» АҚ Басқарма Төрағасының кеңесшісі — Алексей Кордичев және «Бірінші коллекторлық бюро» КЕАҚ бас директоры — Максим Владимиров те қамауға алынған.

«Калви Майкл Джон, «Шығыс экспресс Банк» КБ АҚБ акцияларының бақылау пакетінің бенефициарлық иесі, сондай-ақ банктің директорлар кеңесінің мүшесі бола отырып, оның бақылауындағы «Бірінші коллекторлық бюро» КЕАҚ-да 11.12.2015 ж. 06/2015 және No 07/2015 несие шарттары бойынша 2 500 000 000 рубльден кем емес сомада берешектің бар екенін біле тұра, 2017 жылы Мәскеу қаласында аталған ақша сомасының орнына «International Financial Technology Group s.C. A.» (Люксембург) компаниясының нақты нарықтық құны 600 000 рубльден аспайтын акцияларының 59,9%-ын банктің меншігіне беру арқылы ұрлауды ұйымдастырды», — деп хабарлады РФ Тергеу комитеті.

Егер Калвидің кінәсі дәлелденсе, кәсіпкер алты жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал Калви өзіне тағылған айыптауларды мойындамады. Сондай-ақ оны Ресейдегі танымал кәсіпкерлер де қолдап отыр. Олардың айтуынша Калви ешқашан алаяқтық, ұрлыққа бармайтындардың қатарынан.

Baring Vostok — Ресейде және бұрынғы КСРО-ның басқа да елдерінде тікелей инвестицияларға мамандандырылған ірі инвестициялық компания. Ресей нарығында Baring Vostok қорлары 1994 жылдан бастап жұмыс істейді. Бұған дейін компания ресейлік интернет пен телекомдардағы ірі инвесторлардың қатарында болды.

Компания Тинькофф, Ренессанс Сақтандыру, Бірінші коллекторлық бюро, Европлан, Яндекс, Avito, ivi, СТС, 1С, Ozon, Вкусвилль, Papa Johns, A5, Боржоми акцияларына иелік етті.