Қайрат Сатыбалдының ұшағындағы 1,5 млрд доллар туралы ақпаратты Антикор растаған жоқ

Фото: © nb.kz

Кеше әлеуметті желі мен БАҚ-тағы басты жаңалық Қайрат Сатыбалдының ұшағынан «табылған» 1,5 млрд доллар туралы ақпарат болды.   

Алдымен бұл туралы Аbzhannews Telegram каналы ақпарат таратты. «Қайрат Сатыбалдыны ұстау кезінде оның жеке ұшағында 1,5 миллиард доллар бары белгілі болды. Ол қамауға алынардан бұрын Дубайға ұшпақ болған», — деп жазды ол.

exk.kz сайты бұл туралы Антикордан ақпарат сұраған.

«Бұл туралы ештеңе айта алмаймыз. Өкінішке қарай қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201 бабына сәйкес барлығы шектеулі. Жариялауға тиісті ақпараттар бұған дейін айтылды», — деді Антикор өкілі. Сайт өкілдің аты-жөнін бермеген.

Осылайша Антикор ақпаратты растаған да, жоққа шығарған да жоқ.

Қайрат Сатыбалды наурыз айының ортасында қамауға алынған болатын. Сол кезде Антикор басшысы Олжас Бектенов журналистердің «өзімен бірге қолма-қол көп ақшасы болды ма?» деген сұрағына «Жоқ, қолма-қол ақша болған жоқ. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Кейінірек айтамыз», деп жауап берді.

Ол сондай-ақ, Сатыбалдыны ұстау ісі бойынша миллиардтаған қаражат бары туралы да айтты. Алайда қолма-қол қаражат туралы сөз болған жоқ.  

«Қылмыстық іс «Қазақтелеком» АҚ-ның қаражатын жымқыру фактісі бойынша тергеліп жатыр. Кеше осы бойынша тиісті ақпарат таратылды. Қазіргі кезде қаражат сомасы анықталып жатыр, ол бойынша бірнеше эпизод қамтылған. Осы орайда сараптама жүргізілгеннен кейін, біз бұл соманы жария етеміз. Дегенмен осы іске қатысты миллиардтаған қаражат бар деп айта аламын», деген еді сол тұста Олжас Бектенов.

Олжас Бектенов БАҚ-ның қолма-қол ақша туралы сұрағына жуап беріп тұр. Үзінді azattyq.org сайтының материалынан алынды

Олжас Бектенов БАҚ-ның қолма-қол ақша туралы сұрағына жауап беріп тұр. Үзінді azattyq.org сайтының материалынан алынды

Кешегі ақпарат тарай салысымен әлеуметтік желіде түрлі пікір тарады. Кейбірі 1,5 млрд доллар 15 тонна болады екен, оны ұшақ көтере алмайды десе, бірі сенеміз деген пікір жазып жатты.  

Атын айтуды қаламаған сарапшы заңдастырылмаған 10,5 тонна ақшаны алып жүре алатын, алмайтынын білу үшін ұшақтың үлгісін білу керек дейді. Алайда ұшақ туралы еш дерек жоқ.  

«Егер жеке ұшақ болса, кішігірім бизнес джеттердің ондай мүмкіндігі жоқ, сонымен бірге заңдастырылмаған 1,5 млрд долларды бір елден бір елге ұшақпен жеткізу мүмкін емес. Қолма-қол осынша қаражатты алу миға онша қона қоймайды» дейді ол.

Сатыбалды соңғы рет 2018 жылы қазақстандық Форбс тізіміне ілінген. Ол жерде байлығы $163 000 000 деп көрсетілген.