Қаңтар-сәуір айларында банктердің онлайн жүйелері арқылы күніне 2,6 млн операция жасалған

34
Фото: Kapital.kz

Төрт айда онлайн қызметті қолданушылар 12,3 трлн теңге сомасына 714,6 млн операция жүргізген. Бұл өткен жылдың алғашқы төрт айымен салыстырғанда сома бойынша 53%-ға, ал саны бойынша 72%-ға артық. Бұл туралы ҚР Ұлттық банк хабарлады. 

Қолма-қол ақшасыз жүргізілген операциялардың жалпы көрсеткіші 2019 жылдың ұқсас кезеңіндегі 39%-дан 62%-ға дейін ұлғайған.

Қаңтар-сәуір айы аралығындағы қолма-қол ақшасыз операциялар көлемі мен саны — 7,6 млрд. теңге сомасына 615,3 млн. транзакцияны құрады. Өткен жылдың осындай уақыт аралығында бұдан екі есе аз операция жүргізілген болатын. 

Негізінен қолма-қол ақшасыз операциялар онлайн каналдар бойынша жасалған: банктердің онлайн жүйелері арқылы күніне орташа есеппен 48,7 млрд. теңге сомасына 2,6 млн. операция жүргізілген.

Төлем карточкаларын ұстаушылар күніне орташа есеппен 5,1 млн. қолма-қол ақшасыз және 827 мың қолма-қол ақша шешу операцияларын өткізген. Бір қолма-қол ақшасыз операцияның орташа сомасы 12 298 теңгені құраса, қолма-қол ақша шешу операцияларының орташа сомасы 47 598 теңгені құраған.

Алайда, сәуір айында наурыз айымен салыстырғанда төлем карточкаларын қолдана жүргізілген операциялар көлемінің 21%-ға азаюы байқалады. Қолма-қол ақшасыз жүргізілген операциялар 18%-ға, ал қолма-қол ақша шешу операцияларының көлемі 25%-ға қысқарған. Бұл елдегі карантинға байланысты енгізілген шектеулер нәтижесіндегі халық белсенділігінің азаюы себебінен болып отыр.