Қазақстан бір адамға салынған тұрғын үй саны бойынша ТМД-да көш бастады

79
732
Фото: almatygorstroy.kz

Алматы. 14 мамыр. 7kun.kz – 2018 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан бір адамға салынған тұрғын үй саны бойынша ТМД-да бірінші орынға ие болды. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр мәлімдеді.

ҚР Статистика комитетінің мәліметінше, өткен жылы 12.5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның ішінде көп пәтерлі тұрғын үйлер — 5.7 млн шаршы метр, жеке — 6.8 млн шаршы метр.

Бұл санатта көшбасшы Нұр-Сұлтан (2.4 млн ш.м.), Алматы (2 млн ш. м.) және Маңғыстау облысы (1.2 млн ш. м.) болды. Оларға Қазақстан бойынша пайдалануға берілген тұрғын үйдің 45%-ы тиесілі. Ең аз көрсеткіштер Қостанай (299 мың шаршы метр), Павлодар (284 мың шаршы метр) және Солтүстік Қазақстан (218 мың шаршы метр) облыстарында тіркелді.

Осылайша, 2018 жылы ҚР-ның бір азаматына салынған тұрғын үй көлемі 0.7 шаршы метрді құрады. Салыстыру үшін: Ресейде бұл көрсеткіш 0.5, Беларусь пен Өзбекстанда — 0.4, Қырғызстанда — 0.2 шаршы метрге тең.

Естке сала кетейік, өткен жылдың қаңтар айында Нұрсұлтан Назарбаев халықтың тұрғын үймен қамтамасыз етілуін бір адамға 30 шаршы метрге дейін арттыруды тапсырған болатын.