Қазақстан Қырғызстанға бензин экспорттайды

6
Қырғызстанға
Фото: slovoidilo.ua

Алматы. 23 қазан. 7kun.kz – Қазақстан Қырғызстанға бензин экспортын бастайды, — деп мәлімдеді ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев.

Ведомство басшысының айтуынша, Қырғызстанға бензин экспорты мәселесі 2-3 апта  ішінде шешіледі.

«Қазіргі уақытта біз өз тарапымыздан Қырғызстанға бензин экспортына қатысты тиісті құжаттарды әзірлеп, әріптестерімізге жібердік. Осы аптада менің орынбасарым не болмаса департамент басшысы Қырғызстанға барады. Бензин кезең-кезеңімен, шамамен 10 мың тоннадан жөнелтіліп отырады», — деді министр.

Сонымен қатар ол «жанармай экспортқа шығарылғаннан кейін ішкі нарықтағы бензин бағасы жазғы уақытта литріне 200 теңгеге жетуі мүмкін» деген ақпаратты ақпаратты жоққа шығарды.

«Ол мүмкін емес. Бензин бағасы осы жылдың басында 160-165 теңге болды. Ал қазір қарасаңыздар АИ-92 бағасы өңірлерде 150-155 теңге шамасында. Яғни, бір литрі 10 теңгеге арзандаған. Үш мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жұмыстары қолға алынып, бензин артығымен өндіріліп жатыр. Егер бензинді экспортқа шығарар болсақ, онда оны кезең-кезеңімен, квотамен  жөнелтеміз», — деп түсіндірді Энергетика министрі.