Қазақстанда 15 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады – «Самұрық-Қазына» төрағасы

Қазақстан. 4 мамыр. 7kun.kz  – «Самұрық-Қазына» қоры ел экономикасындағы үлесін азайтады. Осы мақсатта Қордың портфельдік компанияларының көпшілігі алдағы жылдары IPO және SPO-ға шығарылатын болады. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма Төрағасы Алмасадам Сәтқалиев айтты, деп хабарлайды 7kun.kz.

Алдағы 5-8 жылда «Самұрық-Қазына» стратегиялық холдинг болып қалады, алайда инвестициялық холдинг үлгісіне өтуді жалғастырады.

Алмасадам Сәтқалиевтың айтуынша, 2021 жылы «Самұрық-Қазына» қорының таза табысы 1,6 трлн теңгені құрады. Бұл жоспарланған көрсеткіштен бірнеше есе жоғары.

«Самұрық-Қазына» тобындағы компаниялар республика бюджетіне 1,2 трлн теңге салық төледі. 2022 жылы «Самұрық-Қазына» қорының Қазақстан үкіметіне дивидендтері екі есеге жуық өсіп, 170 миллиард теңгені құрайды», – деді А.Сәтқалиев.

Қор бірқатар кадрлық реформаларды іске асырды. Нұр-Сұлтан қаласындағы корпоративтік орталық қызметкерлерінің саны екі есеге қысқартылды (248-ден 124 адамға дейін), 106 кеңесші жұмыстан босатылды, «кеңесшілер» институты толығымен жойылды. Қордың барлық шетелдік өкілдіктеріндегі компания басшылығы өзгерді. Соның арқасында 2 миллиард теңге үнемделді.

Сондай-ақ, жыл басынан бері «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының жұмысшылары мен инженерлік қызметкерлерінің жалақысы 5-48%-ға көтерілді.

Қор басшысының айтуынша, алдағы уақытта халықтың өмір сүру деңгейін көтеру мақсатында елде 15 мыңнан астам жаңа жұмыс орны пайда болады.

«Бұл жобалар Қазақстан халқының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Осы жобаларды жүзеге асыру аясында 15 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Жаңа жұмыс орындарын ашумен қатар, бұл жобалардың жанама ұзақ мерзімді әсерлері бар», – деді Алмасадам Сәтқалиев.

Сонымен қатар, «Самұрық-Қазына» алдыңғы жылы 7 млрд теңгеге қайырымдылық жасаған. Оның ішінде ауылдық мектептерді құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, өңірлерде спорт алаңдарын салу, балалар мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға көмек көрсету және т.б.