Қазақстанда 9 банк таратылады

Таратылатын банктердің салымшылары кепілді өтемді 1 мамырға дейін ала алады. Бұл туралы Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының баспасөз қызметі хабарлады.

2022 жылдың 15 сәуіріне қарай Қазақстанда 9 банк таратылады.

Олардың ішінде «Валют-Транзит Банк», «Қазинвестбанк», «Delta Bank», «Эксимбанк Қазақстан», «Qazaq Banki», «Астана Банкі», «Tengri Bank» және «AsiaCredit Bank» салымшылары өздеріне тиесілі өтем ақшаларын 2022 жылдың 1 мамырына дейін ала алады.

Ал «Capital Bank Kazakhstan» лицензиясынан кейінірек айырылғандықтан, салымшылары кепілдік берілген өтемді 3 шілдесіне дейін алу мүмкіндігіне ие.

Аталған 9 банктің салымшыларына кепілдік берілген өтем сомасының 98%-дан астамы төленген. Бұл шамамен 113,1 млрд теңгені құрайды.

Өтем алуға өтінішті дәстүрлі тәсілмен де Төлемдердің электрондық порталы (ТЭП) арқылы онлайн түрінде де беруге болады. Онда төленуге қолжетімді соманы тексеруге және өтініштің орындалу барысын қадағалауға болады. Сонымен қатар салымшылар лицензиясынан айырылған банктің салымшыларына өтем төлеуге тағайындалған агент банктер арқылы да өтініш бере алады.

Төлем мерзімі аяқталған соң, талап етілмеген өтем сомалары салымшылардың БЖЗҚ-да ашылған, ерікті зейнетақы жарналарын есепке алуға арналған жеке зейнетақы шоттарына аударылады. Бұл шараны Қор 30 күн ішінде жүзеге асырады. Осылайша таратылатын сегіз банктің клиенттері өтем ақшаларының БЖЗҚ-ға аударылуын ағымдағы жылдың 31 мамырына дейін, ал “Capital Bank Kazakhstan” АҚ салымшылары 2 тамызға дейін күте алады.

Айта кетейік, төлем мерзімін дәлелді себептермен өткізіп алған салымшы жазбаша өтінішпен Қорға тікелей жүгінеді. Өтінішпен бірге дәлелді себептерді растайтын құжаттар да болуы тиіс. Дәлелді себептерге: әскери қызметке орналасу, депозитордың шетелде, бас бостандығынан айыру орындарында болуы, салымшының мұрасын қабылдау және мұраны ашу және алуға қатысты өзге де себептер, сондай-ақ сот анықтаған басқа да мән-жайлар жатады.

Сондай-ақ, таратылатын банктердің салымшылары өтем сомаларынын талап етпеген жағдайда, ақша тұлғаның атына ашылған, ерікті зейнетақы жарналарын есепке алуға арналған жеке зейнетақы шоттарына аударылады.

Бұдан басқа БЖЗҚ мамандары ЖЗШ-ға есептелген өтем сомаларының басқа зейнетақы активтері секілді инвестицияланатындығын мәлімдеді. Яғни бұл сома салымшыға инвестициялық табыс әкелетін болады.