Қазақстанда нан бағасы қымбаттай ма

Алматы. 2 тамыз. 7kun.kz – «Қазақстан астық одағының» төрағасы Нұрлан Оспанов елде нан бағасына қандай факторлар әсер ететінін айтты, деп хабарлайды 7kun.kz.

Оның айтуынша, нан бағасы бидай бағасымен тікелей байланысты.

«Егер бізде бидай бағасы тоннасына 120 мың теңге болса, онда негізінен нан 120 теңге тұрады. Есепті жеңілдету үшін мемлекеттік органдарда да солай қарастырылады. Сондықтан біз болжап отырғандай, бидай бағасы төмендейтін болса, сәйкесінше нан бағасының төмендеуіне толық негіз бар», – деді ол.

Бидай бағасы нан өндіруге жұмсалатын жалпы шығынның 30%-ын алады.

«Нан бағасы теориялық тұрғыдан төмендеуі мүмкін және төмендеуі керек. Нан ғана емес, сонымен қатар күнбағыс майы, ет, жұмыртқа сияқты өнімдердің бағасы түседі. Өйткені астық оларды өндіруде жем немесе шикізат ретінде пайдаланылады. Астық бағасы арзандайтындықтан, басқа өнімдердің бағасы да төмендеуі мүмкін», – деді Нұрлан Оспанов.