Қазақстанда Ресейден келетін етке шектеу қойылды

43
фото: freepik.com

Алматы. 16 қаңтар. 7kun.kz – Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі Ресей Федерациясының Приморский өлкесінен аусыл аурына шалдығуға бейім жануарларды және сол жануарлардың өнімдерін елге кіргізуге уақытша шектеу қойды. 

Министрлік Халықаралық эпизоотиялық бюросының ресми нотификациясын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының  аумағынан аусылға бейім жануарларды, сиыр етін, шошқа етін, қой етін, сүт және сүт өнімдерін, жылулық өндеуден өткен дайын өнімдерді кіргізуге шектеу қойғанын хабарлады.

Сондай-ақ бұл уақытша шектеуге аусылға бейім жануарларды союдан алынған, тағамға қолданылмайтын шикізаттар мен бұйымдар және аусылға бейім малдарды ұстауға, союға және өңдеуге қолданылған жабдықтар, жануарларға арналған азықтар мен азық қоспалары кіреді.

Айта кетелік, Ресейдің Приморский өлкесінде аусыл вирусының ошағы анықталды. Осы жағдайға байланысты бұл аймақта жиырмадан астам елді-мекенде карантин жарияланды.

Бұндай шешім 2019 жылғы 14 қаңтардан бастап күшіне енді.