Қазақстанда тұңғыш рет әлеуметтік облигациялар шығарылды

23
Фото: Total.kz

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Қазақстанда алғаш рет жаңа қаржы құралы – биыл қыркүйек айының басында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тіркеген әлеуметтік облигацияларды шығарды. Бағалы қағаздардың жалпы сомасы 1 млрд теңгені құрады. Өтеу мерзімі – 5 жыл, кірістілігі — 11,9%, купонды төлеу кезеңі – жылына 2 рет.

Тұрақты даму қағидаттарына бағдарланған дебюттік әлеуметтік облигациялар «Қазақстан қор биржасы» АҚ (KASE) алаңына шығарылды және оны жергілікті инвесторлар сатып алды. Мәміленің брокері және андеррайтері Halyk Finance болды. Әлеуметтік облигациялардан түскен қаражатты банк, микроқаржы ұйымдары немесе лизинг компаниялары арқылы COVID-19 пандемиясы кезінде экономиканың ең көп зардап шеккен секторларындағы шағын және орта бизнесті қаржыландыруға жұмсау жоспарлануда. Бұл шығарылым Халықаралық капитал нарықтары қауымдастығының (ICMA) әлеуметтік облигацияларының (SBP) қағидаттарына толық сәйкес келеді. Оны «Эксперт РА» рейтинг агенттігі» АҚ-ның тәуелсіз қорытындысы растап отыр.

«Даму» Қорының облигациялары – Қазақстан қор биржасында әлеуметтік қағидаттарға сәйкес келетін алғашқы құнды қағаздар. Шағын және орта бизнесті тұрақты дамыту миссиясын жүзеге асыру үшін «Даму» Қоры COVID-19 пандемиясынан зардап шеккен экономиканың секторларын қолдауды жоспарлап отыр. Бұл шығарылым капитал нарығында қаржы мен инвестор тарту ғана емес, сондай-ақ нарыққа тұрақты даму қағидаттарына негізделген жаңа қаржы құралын енгізу мүмкіндігі болып табылады», — деді «Даму» Қорының Басқарма төрайымы Гаухар Бурибаева.

«Жаңа құрал экономиканы қаржыландыруда ESG қағидаттарын насихаттау аясында бірлескен бастамалар бойынша шығарылды. Біз күн өткен сайын осы сегменттегі өсімге куә боламыз деп үміттенеміз. Өйткені әлемдегі эмитенттердің көпшілігі заманауи құрал-әдістерге сай әрекет етуге тырысады. Себебі бұл арқылы экологияның жаһандық мәселелеріне үлес қосып қана қоймай, сонымен бірге өздерінің тиімді әрі тұрақты даму мүмкіндігі де осыған байланысты екенін түсінеді, — деп атап өтті Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова.

Тұрақты даму қағидаттары үш негізгі компонентті қамтиды. Олар: қаржыландырудың экологиялық, әлеуметтік және корпоратив бағыттары (Environmental, Social Governance – ESG).

Әлеуметтік облигациялар нарығының мақсаты – әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған жобаларды қаржыландыратын қарыз құралдарын дамыту. Бұл жағдайда жұмыс орындарын сақтап қалу және жаңа жұмыс орнын құру есебінен оң әсерге қол жеткізілмек.

 «KASE Қазақстанда ESG стандарттарын белсенді түрде насихаттауда. Біз листинг талаптарды әзірледік. Жасыл, әлеуметтік және басқа да облигациялар үшін жеңілдік шарттарын, сондай-ақ ESG жобаларын тәуелсіз бағалауды жүзеге асыра алатын верификатор-компаниялар үшін талаптарды белгіледік. Бүгінде KASE – осындай жобаларды қаржыландыратын толыққанды алаңға айналды. «Даму» қорының әлеуметтік облигацияларының шығуы KASE-мен меморандум аясында «Эксперт РА» рейтинг агенттігімен верификацияланды. Әлеуметтік облигациялардың бұл дебют шығарылымы басқа эмитенттерге қор нарығын халықаралық стандарттарға сәйкес келетін сапалы құралдармен толықтыруға жақсы үлгі болады деп үміттенеміз», — деді Қазақстан қор биржасының (KASE) Басқарма төрайымы Алина Алдамберген.

Бұған дейін, 2020 жылдың тамыз айында «Даму» Қоры тұңғыш «жасыл облигацияларын» шығарған болатын.