Қазақстандағы Huawei-дің басшысы не бүлдірді?

232
Huawei
Фото: adview.ru

Қазақстандық БАҚ әлемдегі ірі компанияның қазақстандық бөлімшесіндегі даулы мәселе туралы жаза бастады. Нұр-Сұлтандағы Huawei өкілдігінің басшысы Мэн Цинбо (Meng Qinbo) қазақстандық шенеуніктердің сыбайлас жемқорлық жасауына ықпал ететін әрекеттер жасауы мүмкін. Бұл іс бойынша Есіл аудандық Соты қала прокурорының тексеру жүргізуі үшін жеке қаулы жіберген.

Әңгімені әріден таратсақ, өткен көктемде Huawei компаниясының бұрынғы қызметкері Меруерт Синчева өзінің тікелей бастығы Мэн Цинбоны қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етіп, жеке айыптау тәртібінде сотқа жүгінген. Ол бірнеше ай бойы оған басшысының тікелей лауазымдық міндеттерді ғана емес, сондай-ақ Қазақстан заңнамасын бұзатын басқа да іс-әрекеттерді орындауды талап етіп, қысым көрсеткенін айтады. Атап айтқанда, өкілдіктің директоры өзінің қарамағындағыларды тауарлар мен қызметтерді сатып алуға жауап беретін мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар қызметкерлерімен тығыз байланыс орнатуға мәжбүр еткен.

Huawei-дің бұрынғы қызметкерінің айтуынша, компанияның қызметкерлері кез-келген тәсілмен тендерлер туралы ақпарат алуға, шенеуніктер мен квазимемлекеттік кәсіпорындардың қызметкерлерін материалдық көтермелеуге, оларды компанияның есебінен Қытайға апарып-келуге міндеттеледі. Сондай-ақ, Меруерт сотқа корпоративті сатылымға жауапты қызметкерлердің барлық іс-әрекеттерін көрсететін қытайлық формуламен жасалған кестелер мен іс-қимыл жоспарларын ұсынған.

Сотта компанияның 2018 жылғы 6 желтоқсанда қабылданған «Корпоративтік сектормен жұмыс жөніндегі департаменттің тапсырыс берушілерімен қарым-қатынасты дамытуға қойылатын талаптары» атты ішкі құжаты бар екендігі анықталған, онда жұмысшылардың мемлекеттік мен квазимемлекеттік кәсіпорындардың қызметкерлерімен байланыс орнатуына көмектесетін іс-әрекеттер тізімі көрсетілген. Тізімге балық аулауға, түскі асқа және кешкі асқа, кештерге, кеңселерге бару, тауға шығу, мерекелерде сыйлықтар беру, Қытайға сапар ұйымдастыру кіреді. Ал бұл ұсыныстар электрондық пошта және мессенджерлер арқылы жіберілген. Яғни, Huawei басшысы өз қарамағындағылардың алдына тендерлерді кез-келген жағдайда жеңіп алу міндетін қойған!

Сондай-ақ, Синчева дәлел ретінде бастығымен әңгімелерінің аудиожазбаларын ұсынған, онда Мэн Цинбо мемлекеттік қызметшілер мен қазақстандық ұлттық компаниялардың қызметкерлерімен алкогольдік ішімдіктерді ішуге, оларды жұмыстан тыс уақытта түскі асқа және кешкі асқа шақыруға, мемлекеттік сатып алуды өткізу кезінде ақпарат пен көмек көрсеткені үшін сыйақы тарту етуге уәде беру туралы нұсқау берген.

Әңгімелердің бірінде басшы Синчеваны тапсырыс берушінің біреуімен «Аспан асты» еліне баруға итермелеген. Мұндай нұсқауларды орындағысы келмеген Меруерт ұсыныстан баы тартады және бұл басшылықпен қарым-қатынасына әсер етеді, соңында ол Мэн Цинбоның шешімімен жұмыстан шығарылған.

Осыдан кейін компанияның экс-қызметкері Мэн Цинбоны Қылмыстық кодекстің 152-бабы бойынша (еңбек шартын заңсыз бұзу кезінде көрсетілген Қазақстанның еңбек заңнамасын бұзу) жауапқа тартуды сұраған. Мұндай құқық бұзушылық үшін қоғамдық жұмысқа тарту немесе 40 тәулікке бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады, алайда, судья Дүйсембиев Мэн Цинбоны кінәсіз деп таныған.

Дегенмен судья бұл істі басқа жағынан зерттей бастайды. Оны Huawei Technologies Kazakhstan ЖШС-нің тұтынушылармен қарым-қатынасқа қатысты ішкі құжаттары, сондай-ақ өкілдік директорының қол астындағылармен әңгімелерінің мазмұны қызықтырыпты. Қанат Дүйсембиевтің БАҚ-на берген пікірінше, компания басшылығының әрекеттерінде (сот актісіне сәйкес) «сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің элементтері, яғни сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайлардың туындау мүмкіндігі бар, өйткені кәсіпорын жұмысының негізгі мақсаты министрліктерге, ұлттық компанияларға және әкімдіктерге жабдықтар жеткізуге бағытталған». Осыған байланысты, сот Нұр-Сұлтан қаласының прокуроры Бауыржан Мырзакеровке тиісті шара қолданып, Huawei басшыларының өз қызметкерлеріне неліктен осындай нұсқаулар беріп отырғандығын анықтау үшін жеке қаулы жіберген.

Сонымен қатар, Дүйсембиев Мэн Цинбоның Қазақстан аумағына қандай құжаттар негізінде кіргенін және жұмыс істейтінін мұқият зерттеген. Анықталғандай, Мэн Цинбо уәкілетті органнан Қазақстанда электротехника маманы болып, яғни үшінші санатта жұмыс істеуге рұқсат алған. Алайда, іс жүзінде ол компанияның Нұр-Сұлтандағы өкілдігінің директоры қызметін атқарады, онымен қоса Қазақстандағы Huawei корпоративті сатылымдарының бас директоры болып саналады, яғни бірінші санат бойынша рұқсат алуы керек.

Судья Мэн Цинбоның Алматыда еңбек қызметін жүргізуге міндетті екенін анықтаған, бірақ басшы қызметін Нұр-Сұлтанда атқарып жүр. Ал оның бұл әрекеті шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы қазақстандық заңнаманы бұзады.

Осы жағдайлардың бәрін ескере отырып, судья Дүйсембиев Huawei топ-менеджерінің іс-әрекеттерінде өзі тұратын және жұмыс істейтін мемлекеттің заңдары, әдет-ғұрыптары мен дәстүрлерін құрметтемеу байқалады деп есептейді және қадағалау органдарының да осыған назар аударуын өтінген.

Бұл ретте Мэн Цинбоның адвокаты Гүлнәр Жуаспаева Нұр-Сұлтан қалалық сотына қаулыға шағымданған, алайда апелляциялық алқа оның арызын қанағаттандырмаған.

Ендігі жағдай прокурор Бауыржан Мырзакеровтің қабылдаған іс-әрекеттеріне байланысты. Шындық қай жақта? Қытайлық басшы өзін ақтай ала ма? Әліптің артын бағайық.