Қазақстандықтар Назарбаевтың мәлімдемесінен кейін доллар сатып ала бастады

87
доллар
Фото: ia-centr.ru

Алматы. 19 наурыз. 7kun.kz — Н.Назарбаевтың президенттік өкілетін тоқтату туралы мәлімдемесінен кейін Алматы мен Астананың ақша айырбастау пункттерінде доллар бағасының көтерілгені байқалды.

Сағат 21:30-ға дейін доллар бағасы 378,5/$1 теңге болса, 22:00 кейін кейбір ақша айырбастау пункттерінде 385/$1 теңгеге жеткен. Сұраныс күрт көбейген соң ақша айырбастауды тоқтатқандары да бар. Қарапайым халық Президент мәлімдемесінен кейін доллар бағасы шарықтап кете ме, деп алаңдайды. Алайда сарапшылар «оған негіз жоқ, бүгінгі уақытша құбылыс алыпсатарлар пайда тауып қалу мақсатында жасаған дүрбелеңі», дейді.

BCC Invest басқарма төрағасының орынбасары Александр Дронин кейбір БАҚ берген сұхбатында ертеңгі сауда-саттық кезінде $1/380 теңгеден аспайды дейді.

«Жеке сатып алушылардан белгілі бір деңгейде қысым болуы мүмкін. Ертең негізінен теңгені сатып, долларды сатып алады. БІрақ Ұлттық банкте барлық ресурс бар. Ол курсты қолдан төмендетіп келді. Қазір де осы жолғы дүрлігісті басуға барлық ресурсы бар», дейді ол. Оның айтуынша президенттің өкілетінен бас тартуы Қазақстан экономикасы үшін жағымды.

Оның айтуынша ірі саяси тұлғалар қызмет ауыстырған тұста доллар бағамы бір күннен артық құбылған емес. Ертең техникалық реттеу болады.

Экономист Жарас Ахметов те теңге бағамының құлдырауы қысқамерзімді болады.

«Теңге бағамының бірден құлдырауына негіз жоқ. Мұндай жаңалықтар кезінде алыпсатарлық әрекеттер әрқашан болады. Бірақ ол уақытша ғана. Аз ғана уақытта бұрынғы бағамға қайтып келеді. Негіз жоқ, жүйкенің уақытша сыр беруі ғана», дейді ол.

Айта кетейік, бүгін Қазақстандық қор биржасындағы екі сауда сессиясының қорытындысы бойынша теңгенің долларға шаққандағы бағамы 376,4 теңге болды. Ал ресми курс 375,9/$1.