Қазақстандықтардың мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріне көңілі толмайды

13
ақпараттық
Фото: flipboard.com

Алматы. 9 қазан. 7kun.kz — Мәжіліс депутаттары кезекті рет интеграцияланбаған ақпараттық жүйелердің салдарынан адамдар мен бизнес зардап шегетінін алға тартып, бұл мәселені мүмкіндігінше тезірек шешуді сұрады.

«Жылдан жылға, әсіресе есепті салық кезеңінде тұрғындар мен кәсіпкерлердің ақпараттық жүйелер үзіліссіз жұмыс істемеуіне немесе мүлдем жұмыс істемеуіне байланысты проблемалары пайда болады, өйткені олар мемлекеттік органдардың деректер базасымен біріктірілмеген. Бұл ретте «Салықтық әкімшілендіру жүйесін реформалау және оның ішінде «Интеграцияланған деректер қоры» АЖ шеңберіндегі іс-шараларға шамамен бір миллиард теңгеге немесе дәлірек 966 миллион теңгеге ұсынылған қаражат 2020 жылға ауыстырылды.Бұл немен байланысты және мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін интеграциялау проблемалық мәселелері қандай мерзімде шешіледі? », — деді депутат Татьяна Яковлева.

Әріптесін Палата спикері Нұрлан Нығматулин қолдады.

«Мемлекеттік органдар басшыларының қабылданып жатқан шаралар туралы мәлімдемесіне қарамастан, азаматтардан, біздің сайлаушылардан ХҚКО-ның тұрақсыз жұмыс істеуіне, салықты заңсыз есептеуге шағымдар келіп түсуде. Мұндай шағымдардың көпшілігі ескірген деректер базаларымен, өзектендіру бойынша интеграцияның жоқтығымен, және, әрине, барлық осы жүйелердің интеграциясымен байланысты. Ақпараттық жүйелердің жалпы интеграциялануынсыз кез кеелген мемлекеттік органның мәліметтер базасы Крылов ертегісіндегі әйгілі квартетке ұқсайды. Әрқайсысы өз пернелерін басады, әрқайсысы өз құралында ойнайды, ал симфонияның жалпы нәтижесі жоқ», – деді ол.

Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың айтуынша, бұл мемлекеттік органның биыл жергілікті салықтарға қатысты мәселелерді шешуге шоғырлануымен байланысты.

«Естеріңізде болса, қаңтар айында салық органдарына мүлік салығы, көлік, жер туралы қате ақпаратқа қатысты көптеген шағымдар келіп түскен болатын, енді біз бұны бірінші орынға қойдық — биыл біз бар күшімізді осы бағытқа бағыттадық. Осы жылы бізде Қаржы министрлігінің, МКК ақпараттық жүйелерін Әділет министрлігінің ақпараттық жүйелерімен, атап айтқанда жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік деректер базасымен, жер тіркелімімен және жылжымайтын мүлік тіркелімімен, сондай-ақ ҚР ІІМ автокөлік құралдарының деректер базасымен біріктірдік. Біз осы кезеңде 5 миллионнан астам қате мәліметтерді түзетдік, ал қазір осы жұмыстың қорытындысы бойынша түзетілген мәліметтер негізінде жергілікті салықтар бойынша есептеулер жүргіздік, бүгінгі тааңда үкіметте азаматтардың есебінде тұрған адамдарға миллионнан астам SMS-хабарлама жеткізілді. 1 қарашадан бастап көлік бойынша да солай жасалады», – деп түсіндірді Қаржы министрлігінің басшысы.

Алайда оның жауабы мәжіліс спикерін қанағаттандырмады.

«Бұл мәселе Цифрлық даму министрлігіне жүктелген. Бірақ бұл мәселе бір министрлікке қана қатысты емес. Бұл қызмет көрсету орталығының автоматтандырылған жүйесі болса, онда ІІМ-не де қатысты. Ауыл шаруашылығы министрлігіне да қатысты, егер әңгіме жер кадастры туралы болса, бұл мемлекеттік кіріс комитетінің ақпараттық жүйесі болса, Қаржы министрлігіне да қатысты. Егер жылжымайтын мүлік тіркеліміне қатысты болса, Әділет министрлігі. Міне, осы мемлекеттік органдардың әрқайсысы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес деректер базасын базасын сапалы түрде жаңартуға және жүргізуге міндетті болды. Бірақ Жұмағалиев (Асқар – цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі) жалғыз өзі мұны істей алмайды», — деді Нығматулин.

Ол мемлекеттік органдардың басшыларына жиналуды және осы мәселелерді шешуге кірісуді ұсынды.

«Сіз дұрыс айтасыз, біз бұл жұмысты күшейтеміз. 2020 жылдың соңына дейін бұл жұмысты аяқтауды жоспарлап отырмыз», – деп уәде берді вице-премьер – қаржы министрі Әлихан Смайылов.