ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан Талғар ауданы тұрғындарымен кездесті

Мәжіліс депутаттарының өңірлерге сапары жалғасуда. Алматы облысында жұмыс сапарымен жүрген депутат Жанарбек Әшімжан бүгін Талғар ауданында болып, халықпен кездесті.

Депутат бірінші пластикалық құрылыс материалдарын өндіретін «Керуен Плюс» ЖШС жұмысымен танысты. 2015 жылы ашылған зауытта 270 адам жұмыс істейді.

170 мың тонна дайын өнім шығаратын зауыттың 10 000 шаршы метр заманауи жабдықталған цехы, 10000 шаршы метрлік қоймасы бар. Кездесуде Талғар ауданының әкімі Қайдар Әбдіханов зауыт басшыларымен бірге жобаның бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы баяндады.

Бұдан кейін «Nur Otan» партиясының Талғар аудандық филиалында көп балалы аналармен, шағын және орта бизнес иелерінің өкілдерімен қоғамдық кездесу өткізді.

Қала тұрғыны, Гүлназ Нұрділдәқызы он екі баланың анасы тұрып жатқан пәтерінің тарлығын айтып, пәтер аумағын ұлғайтуға ықпал етуге көмек сұрады.

Көктал ауылының тұрғыны Әлия Әбілсейітқызы жол, газ, мектеп, жарық мәселесін көтерді. Одан бөлек бизнес бастау, жол, атаулы әлеуметтік төлем  мәселесі айтылды. Депутат тарапынан барлық сұрақтарға жауап беріліп, шешімін табуы үшін тиісті орынға жіберілетін болды.

Ал Айман Жанебилованың мәселесі сол жерде бірден шешілді. «Zeta» фирмасының директоры, мәслихат депутаты Мақсұт Омарбаев қала тұрғынының күйеуін 150-300 мың аралығындағы жалақымен жұмысқа қабылдауға әзір екендігін жеткізді. Аталған компания аудан бойынша 1000 адамға жұмыс беріп отыр.

Талғарлықтар көтерген басты мәселе — жаңадан ашылатын 1200 орындық заманауи мектепті таза қазақ мектебі ретінде ашу. Жиында тіл жанашыры Қамнұр Тәлімұлы аралас мектеп ретінде ашудың еш негізсіз екенін, сөз жүзінде ғана емес құжатпен дәлелдеп берді. Бұдан кейін халық қалаулысы жаңа мектепке барып, жұмысымен танысып қайтты. Депутаттың Талғар ауданына келуінің басты себебінің бірі де осы, жаңа мектептің қазақ тілді болуы. Қабылдаудағы барлық мәселелерді мұқият тыңдап, қойын дәптеріне түртіп алған Жанарбек Садықанұлы алдағы уақытта көтерілген мәселелер оң шешімін табуына ықпал ететінін жеткізді.

Сонымен қатар Мәжіліс депутаты облыстық мәслихаттың депутаттары мен қоғам белсенділерімен экологиялық қоғамдық кеңесінің отырысын өткізді. Күн тәртібінде қоқыс өңдеу зауытының салынуы және барлық рұқсат етілмеген полигондарды жою бойынша атқарылып жатқан іс-шаралар мен аудандық экологиялық мәселелер қарастырылды.

Бұдан кейін Тұздыбастау, Бесағаш, Белбұлақ ауылдарының тұрғындары және бастауыш партия ұйым мүшелерімен кездесті. Еркін форматта өткен кездесуде тұрғындар газ, су, жарық, тұрғын үй, жер, интернетке қатысты мәселелерді көтерді. Халықтың  мұң-мұқтажын тыңдаған депутат келелі мәселелердің уақытында орындалуына барынша ықпал ететінін айтты.

Сапар аясында Мәжіліс депутаты күрделі жөндеуден кейін бүгін ғана ашылған «A-Class Medical» ЖШС амбулаториясымен танысты. Мұнда 41 мың адам тіркелген.

Мәжіліс депутатымен бірге халықпен кездесуге аудан әкімі Қайдар Әбдіханов, қала әкімі Қайрат Исабаев, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бақыт Күрішбеков пен ауылдық округтердің әкімдері қатысты.