ҚР Ұлттық банкі ортақ валюта «алтын» енгізілетіндігі туралы қауесетті жоққа шығарды

768

ҚР Ұлттық банкі кезекті рет ЕАЭО-та ортақ «алтын» валютасы енгізіледі деген қауесетті жоққа шығарды. Бұл туралы Ұлттық банктың қоғаммен байланыс басқармасының басшысы Әнел Даулетқалиева мәлімдеді деп жазады Tengrinews.kz. Оның сөзінше, бұл қауесеттер — «өте күлкілі».

Қазақстанда доллар курсы 300 теңгеден асқан соң белгісіз біреулер әлеуметтік желі бойынша, түрлі ақпараттар тарата бастаған еді. «Бұл үшін кем дегенде халықаралық келісімге қол қою қажет. Бізде ондай мәлімет жоқ. Біз білер едік. Өздеріңіз білетіндей, Еуразиялық даму банкінің басқарма басшысы Дмитрий Панкин ортақ валюта енгізуді «өте алыс болашақтың» мәселесі деп атады», — деді Ә.Дәулетқалиева. Оның айтуынша, банк құрамында түрлі қауесеттерді сүзгіден өткізіп отыратын арнайы бөлім бар.

Еске салайық, 2015 жылдың 22 сәуірінде ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықов ЕАЭО-да ортақ валюта енгізу мәселесі талқыланбайтындығын мәлімдеген еді. «Бүгінгі ақпараттық кеңістіктегі өзекті мәселелердің бірі — Қазақстанның ЕАЭО елдерімен валюта-қаржылай серіктестікке келуі. Атап өту керек, Қазақстанның ЕАЭО аясында ортақ валюта енгізу мүмкіндігін қарастырмайтындай нақты ұстанымы бар. Бұл сұрақты біз талқыламаймыз. ЕАЭО келісім-шартында бірыңғай ақша туралы мәселе қарастырылмаған және мұндай жұмыстар жүргізілмейді», — деп атап өтті Т.Жақсылықов.

Осыған дейін, WhatsApp желісі арқылы қазақстандықтарға «Алтын» бірыңғай  валютасы енгізіледі деген хабарламалар келіп жатқандығы хабарланған. Белгісіз топтар «Бір аптадан кейін доллар болмайды, жаңа валюта «Алтын» енеді» деген мазмұндағы жазба мен 20000, 25000 және 50000 номиналындағы ақша белгілерінің суреттерін таратқан. Бұл суреттер бір жыл бұрын  халық арасында дүрбелең туғызып, жалған суреттер екені анықталды.

ҚР Заңына сәйкес жалған ақпарат таратқаны үшін 5 АЕК көлемінде айыппұл төлейді немесе 2-5 жыл аралығында бас бостандығынан айырылады.