Райымбек ауданын екіге бөлу туралы шешім наурыз айының ортасына дейін қабылданады – Алматы облысының әкімі

519

Алматы. 21 ақпан. 7kun.kz — Алматы облысындағы Райымбек ауданы екіге бөлінеді. Бұл туралы Елбасы Жарлығы наурыз айының ортасына дейін қабылданады. Бұл туралы бүгін халыққа есеп беру кездесуі кезінде Алматы облысының әкімі Амандық Баталов айтты.

«Біз былтыр шешім қабылдадық. Бюджетке кіргіздік. Өткен жылдан бастап жұмысқа кірістік. Комиссия жіберіп, мекемелерге не керегін анықтадық. Жақында Елбасы қатысқан мәжілісте шешім қабылданды. Кеген ауданының орталығы Кеген болады, Райымбек ауданы орталығы Нарынқол болады. Менің білуімше бұл бағытта Елбасы шешімі ақпанның соңынан наурыздың ортасына дейін шығады», — деп жауап берді  облыс әкімі.

Кездесу барысында Райымбек ауданының тұрғыны осы мәселе аяқсыз қалмай ма деп сұрақ қойған еді. Әкімнің айтуынша аудан екіге бөлінетіні нақты шешім.