Референдум өтетін күні Қазақстанда Ashyq пен маска тағу режимі енгізілуі мүмкін

Қазақстан. 6 мамыр. 7kun.kz – Еліміздің бас санитар дәрігері Қазақстанда референдум өтетін күнге дейін санитарлық ережелер туралы қаулы қабылданатынын айтты. Егер эпидемиологиялық жағдай нашарласа, дауыс беру күні маска режимі мен Ashyq қосымшасы қайтарылады, деп хабарлайды 7kun.kz.

ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі – бас мемлекеттік санитар дәрігер Айжан Есмағамбетованың айтуынша, референдум өтетін күні коронавирустық инфекцияның алдын алу шаралары мемлекеттік санитарлық дәрігердің жеке қаулысында айтылады және ол әр өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты болады.

Жағдай нашарлаған жағдайда Ashyq пен маска тағу режимі қайтарылады.

«Эпидемиологиялық жағдай нашарлаған жағдайда қолданылатын қосымша шараларға учаскелерге кіре берісте Ashyq қосымшасын қолдану, сондай-ақ, бетперде режимін сақтау, дезинфекциялау құралдарын қолдану, әлеуметтік қашықтықты сақтау жатады», – деді дәрігер.

Алайда, Есмағамбетова референдум уақытында коронавирусқа қатысты болжам оң, барлығы ойдағыдай өтуі мүмкін деді.

Айта кетейік, бүгін Орталық сайлау комиссиясында Қазақстанда референдум өткізу жоспары жарияланды. Конституцияға толықтырулар мен өзгерістер енгізу жөніндегі референдум 5 маусымда өтеді.