Ресейліктер қазақстандықтардан 200 миллион теңгені ұрлады

77
Қазпошта
Фото: kzvesti.kz

Алматы. 2 қазан. 7kun.kz — Ресейлік алаяқтар ғаламтордағы жарнаманы пайдалана отырып, қазақстандықтардың банктік шоттарына қол жеткізді. Олар шамамен 200 миллион теңгені ұрлады және жауапкершіліктен жалтаруы мүмкін. Бұл кейбір Ресей банктерінде ақша алған сәттердің бейнежазбалары жойылғанына байланысты.

«Қазақстан ІІМ Ресей аумағында жасалған қылмыстар бойынша 42 қылмыстық істі тергеуде. Ресей Федерациясының аумағынан белгісіз алаяқтар интернетте жалған жарнамалық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, біздің азаматтарымыздың шоттарына қол жеткізіп, қазақстандықтардың ақшасын РФ аумағына электронды түрде аударған. 200 миллион теңгеге жуық қаржы аударылған. Бұл ақша Мәскеу, Санкт-Петербург, Уфа және тағы да бірнеше қала аумағында алынды»,-деді Ішкі істер вице-министрі Марат Қожаев.

Оның айтуынша, Минск конвенциясына сәйкес, полиция ресейлік банктерден бұл ақшаны алып кеткен адамдардың бейнесін көрсету туралы сұрау жіберген.

«Бірақ бұл процедура екі елдің органдарында қарастырылып, бас прокуратуралар арасындағы іс туралы мәліметтер жеткізілгенде екі ай уақыт өтіп кетті. Бейнекөріністерді сақтау мерзімі аяқталды, сондықтан біз қылмыскерлерді тұсірген видеолардың сақталмаған жағдайына кезіктік», — деп толықтырды ол.

Алдағы уақытта тергеу барысында мұндай жағымсыз сәттерді болдырмауға болады. Тез ақпарат алмасу туралы норма ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстарға қарсы күрестегі ынтымақтастығы туралы келісімде бекітілген. Құжатты бүгін Мәжіліс мақұлдады.

«Келісім IT саласындағы терминология, ТМД елдерінде кең таралған қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы жалпы түсінік қалыптастырады. Сұрау салушы мемлекетке не оның аумағына қатысты жасалған қылмыстардың алдын алуға, анықтауға, жолын кесуге, ашуға және тергеуге ықпал етуі мүмкін ақпарат алуға жәрдем көрсету туралы сұрау салуларды орындау тәртібі белгіленеді. Ақпараттық технологиялар саласында дайындалып жатқан немесе жетілдірілмеген қылмыстар және оларға қатысы бар адамдар, осындай қылмыстарға қарсы күрестің нысандары мен әдістері туралы ақпарат алмасу болжанып отыр. Біз контрагенттерімізбен деректерді сақтап, оны өзгертуге жол бермеуге немесе бізден ресми сұрау түскенге дейін алып тастауға, яки осы мәліметтерді қолданыстағы коммуникациялық арналар бойынша жедел түрде алу туралы келісе аламыз», – деп түйіндеді вице-министр.

Айта кетейік, келісімге Душанбеде Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан және Тәжікстан мемлекеттерінің басшылары қол қойды. Әзірбайжан, Түрікменстан, Украина және Молдова келісімге қол қойған жоқ. ҚР СІМ ақпараты бойынша, бүгінгі таңда келісімді тек Өзбекстан мен Белоруссия ғана ратификациялаған, қалған мемлекеттер мемлекетішілік рәсімдерді жүргізіп жатыр.