Ресейліктердің Қазақстан Орталық депозитарийінде қанша есепшоты бар?

Қазақстан. 29 сәуір. 7kun.kz – 2022 жылдың 24 ақпан — 27 сәуір аралығында ҚР Орталық депозитарийінде Ресей азаматтары 278 шот/қосалқы шот ашқан. Оның 243-і жеке және 35-і заңды тұлғалар. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 есе көп. Бұл туралы Орталық депозитарийде айтты, деп хабарлайды 7kun.kz.

Ал дәл осы кезеңде Украина азаматтары ҚР Орталық депозитарийінде барлығы 6 шот/қосалқы шот ашқан. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бір көрсеткішке артық.

Жалпы шетелдік тұлғалар осы кезеңде (Ресей мен Украинаның азаматтары мен компанияларынан басқа) Орталық депозитарийдің бухгалтерлік есеп жүйесінде 156 шот/субшот ашты. Бұл алдыңғы жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 2 есе артық.

Айта кетейік, Clearstream еуропалық депозитарлық клиринг жүйесі Ресейдің Ұлттық есеп айырысу депозитарийінің есепшотын бұғаттаған болатын.

Бұл ресейлік клиенттердің шетелдік бағалы қағаздармен операцияларының тоқтатылуына әкелді.