Ресейліктердің Қазақстанға келуіне шектеу жоқ – Мәулен Әшімбаев

Астана. 22 қыркүйек. 7kun.kz – Сенат спикері Мәулен Әшімбаев Ресейде ішінара мобилизация жарияланғанына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды 7kun.kz.

«Қазақстан бұл мәселеде қақтығысты тек келіссөз арқылы шешуге болады деген ұстанымда… Бұл мәселеге қатысты біздің ұстаным өзгермеді. Қандай қиын жағдай болып жатса да, бүкіл эмоцияны қойып, қақтығысты саяси жолмен шешудің қадамдарын іздеу керек», – деді Әшімбаев.

Сенат төрағасының айтуынша,  Ресейдегі ішінара мобилизация бұл елдің жеке мәселесі. Ал ресейліктердің Қазақстанға келуіне шектеу қойылмайды.

«Қазақстан да, Ресей де Еуразиялық экономикалық одаққа кіреді. Біздің арамызда келісімдер, шарттар бар. Соларға сәйкес, Ресей азаматтары біздің территориямызға келеміз десе, оларға шектеу қоюға құқығымыз жоқ. Сол себепті қазір ары қарай қалай болатынын көреміз. Осы қақтығысқа қатысып жатқан тараптар бір мәмілеге келеді деп сенеміз», — деді Әшімбаев.

Сенат спикері қазіргі жағдайды тиісті мемлекеттік органдар бақылауда ұстап отырғанын және тиісті мәселелердің қаралатынын айтты.