Ресей Сирияны қалпына келтіруге 1 млрд доллар жұмсамақшы

Ресей мен Сирия Шам елін қалпына келтіру үшін келісімге қол қойды, деп мәлімдеді Сирия премьер-министрі Ваиль әл-Халики. Осылай деп ол РИА Новости агенттігіне сұхбат берген. Оның сөзінше, 850 млн еуро көлемінде екі келісімшартқа қол жеткізген.

«Ресей тарабы инфрақұрылымды қалпына келтіруге келісім берді. Осыған байланысты көптеген құжаттарға қол қойдық. Оның ішінде көлемі 600 млн еуро және 250 млн еуро болатын екі келісім бар», – деді сириялық үкімет басшысы.

Келісімшарттар электр жүйесін жөндеуге, электр станцияларын қалпына келтіруге және отынмен қамтамасыз етуге байланысты. Оның сөзінше, 60 пайыздан астам станция жұмыс істемейді.

Сирия үкімет басшысы электр жарығын өндіру үшін еліне күніне 35 мың тонна мұнай керек екенін айтады. 2005 жылдың мамыр айында Ресей Сирияның 10 млрд доллар қарызын кешірген. Сол кезде Дамаск Ресей қару-жарақтары мен әскери техникаларын сатып алуға уәде еткен. 2011 жылы Сирияда азаматтық соғыс басталды.

2015 жылы Ресей Сирияда әскери операциясын бастады. Ресей бұл операцияға 38 млрд рубль жұмсаған. Кейін Ресей президенті Владимир Путин Сирия операциясына 33 млрд рубль жұмсадық деді.