Ресей музыканттары «Русское радионың» сатылуына қарсы шығып жатыр

Танымал ресейлік музыканттар РФ президенті Владимир Путинге хат жазды. Олар 5 радиостанцияны басқарып отырған «Русская медиагруппа» (РМГ) холдингінің сатылуына алаңдаушылық білдіріп отыр деп хабарлайды «Коммерсантъ» басылымы.

Игорь Крутой, Иосиф Пригожин, Яна Рудковская, Зураб Церетели, Виктор Дробыш, Максим Фадеев, Дима Билан, Александра Пахмутова, Стас Пьеха, Николай Басков тәрізді әншілер мен продюссерлер бар хат авторлары В.Путиннен музыкалды өндіріс өкілдері мен радиостанция және телеарналар арасындағы серіктестіктің бұзылуына әкеліп соғуы мүмкін «күдікті келісім-шарттың» жүзеге аспауына ықпал етуін өтінеді.

Хатта жазылғандай, РМГ бағасы нарықтағы құнынан 3 есе аз көрсетілген және сатып алушылар «президент атын» пайдалана отырып, «РМГ менеджементі мен акционерлеріне қысым жасап, холдингті басып алуға тырысып жатыр. Сондай-ақ, хат иелері медиатоп басшылығының ауысы музыка бизнесіне негативті ықпал етеді деп қауіптенуде.

Хатқа қатысты пікір білдірген президенттің баспасөз-хатшысы Дмитрий Песковтың сөзінше, В.Путиннің мұндай келісім-шартқа қатысты шешім қабылдауға құқығы жоқ. «РМГ-ның басшылары бар және хатты сол адамдарға жіберу қажет», — деді ол.

1 шілдеде «Ведомости» басылымы  «Русская медиагруппа» холдингін («Русское радио», «Хит FM», Maximum, DFM, «Радио Монте-Карло» және Ru.tv арнасы) мәдениет министрлігіне қарайтын «Госконцерт» ФМУК сатып алмақшы деп хабарлаған еді. Келісім-шартқа Федералды антимонополды қызмет рұқсат берді.