Алматы. 29 желтоқсан. 7kun.kz – ІІМ табиғатты қорғау заңнамасын бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу бойынша әртүрлі жедел-профилактикалық іс-шараларды өткізіп тұрады. Жыл басынан бері 13,8 мың табиғатты қорғау заңнамасын бұзу фактісі анықталды.
Таяуда республика аумағында табиғатты қорғау заңнамасын бұзушылықтарды анықтауға, жолын кесуге, аң аулау, сондай-ақ аңшылық атыс қаруын сақтау және алып жүру ережелерін сақтауға бағытталған «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.
Іс-шаралар нәтижелері бойынша 2,3 мыңнан астам табиғатты қорғау заңнамасын бұзушылықтар анықталды. Осы бұзушылық фактілері бойынша 165 сотқа дейінгі тергеп-тексерулер басталды. 2119 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 43,4 млн теңгеге айыппұл салынды.
Құқық бұзушылардан 160 текше метрден астам заңсыз дайындалған домалақ ағаш, 11,3 тонна балық, оның ішінде 2 тоннаға жуық бекіре тұқымдас балық, 248 құқық бұзу құралы, 3 мың метрге жуық ау, 67 бірлік аңшылық атыс қаруы алынды.
Анықталған құқық бұзушылықтар бойынша мемлекетке келтірілген зиян сомасы 5,3 млн теңгеден асады.
Мысалы, Қызылорда облысының ІІД-сі Қызыл кітапқа енгізілген 5 қарақұйрықты атқаны үшін үш жергілікті тұрғындарды ұстады. Олардың үстінен Қылмыстық кодекстің 337-бабының 4-бөлігімен (Заңсыз аң аулау) қылмыстық іс қозғалды.
Жамбыл облысының ІІД БАӘ-нің төрт азаматтарын, олар Оңтүстік Қазақстан облысының екі тұрғынымен бірге Қызыл кітапқа енгізілген 2 дуадақ және 2 бұлдырық құстарын атқандары үшін ұстады.