Павлодар. 4 қараша. 7kun.kz – 165 тонна АИ-95 маркалы бензинді цистерналарға құйып, Қазақстаннан заңсыз алып шыққан кәсіпорын директоры сотталды. Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Агенттіктің Павлодар облыстық департаменті құны 54 млн теңге болатын АИ-95 маркалы бензині бар 3 вагон-цистернаны «жанармай қоспасы» деген жалған атаумен елден заңсыз әкету фактісін анықтады.
Сонымен қатар кәсіпорын 89 млн теңгелік 280 тонна АИ-95 маркалы бензинді бес вагон-цистернамен Өзбекстанға экспорттамақ болған.
«Аталған компания Өзбекстан мен Тәжікстанға 90 миллион доллардың 100 мың тоннадан астам жанар-жағармайын экспорттауды көздеген. ЖШС директоры өз кінәсін толығымен мойындады», – делінген хабарламада.
Агенттік хабарлауынша, бензин мемлекет кірісіне қайтарылып, кінәліден 54 млн теңге өндірілді.
Сот үкімімен директор кінәлі деп танылып, үш жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды.